Жалпы ішкі өнімдегі тұтынушылық қабілет көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте үздік үштікке ілінуі мүмкін. Экономикалық зерттеулер институтының маманы Astana Thіnk Tank форумында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 330 млрд АҚШ долларынан асуы ықтимал. Оның ішінде тұтынушылық қабілет бойынша меже 44 мың долларды құраса, Қазақстан аталмыш көрсеткіште көш басынан көрінері анық. Бұған соңғы тоғыз айда тіркелген жалпы ішкі өнім өсімі дәлел.

Дастан Әкебаев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Соңғы 3 жылда еліміздің жалпы ішкі өнімі кем дегенде 5 пайызға өсті. Ал соңғы 9 айда өсім 63 пайызды құрады. Бұл әлемдік көрсеткіш бойынша қарастырғанда, ең жылдам өсім саналады. Жалпы Астана халықаралық қаржы орталығы осы уақытқа дейін 17 млрд доллар көлемінде инвестициялық қаржы жинады. Осының арқасында жаһандық қосылған құн тізбегінде Қазақстан 71 елдің ішінде қазір 12-орында тұр.

Бұл дегеніміз отандық өнімнің шикізаттан бастап шетелдерде әрмен қарай өңдеу үрдістеріне белсене қатысатынын білдіреді. Халықаралық форумның екінші күні осындай инвестициялық сауалдарға, Орталық Азиядағы экономикалық мәселелерге арналды. Жасанды интеллект мүмкіндіктері қарастырылып, жақында бой көтеретін Алатау қаласының жандануы да басты назарға ілікті. Айта кеткен жөн, әлемдік сарапшылардың басын қосқан, екі күнге созылған Astana Thіnk Tank форумы бүгін өз мәресіне жетті. Халықаралық жиынға 20-дан астам елдің беделді ұйым өкілдері мен сарапшылары қатысып, Орталық Азияның түйіткілді мәселелері ортаға салынды.

Әмина Үрпекова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Аймақтармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі:

- Біз неліктен кей қалалардың жағдайы жақсы, ал кей шаһарлар қиындыққа жиі кезігетінін зерттеп көрдік. Қалаларды 4 топқа бөліп, артықшылықтары мен кемшіліктерін тіздік. Осы арқылы Алатау қаласын құруда қандай мәселелердің алдын алуға болатынын бағамдай аламыз. Негізі бұл қала цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылатын қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған шаһарға айналмақ.