Танымал қазақстандық блогер Нұрбек Нұртаза заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Instagram-дағы "Justking31" аккаунтында заңсыз лотерея фактісін анықтаған. Кейін материалдар ҚР ТСМ Лотерея және ойын бизнесін реттеу комитетіне жолданды.
Тексеру барысында парақшада Алматыдағы екі қабатты үйдің, сондай-ақ күн сайын ақшалай сыйлықтар мен смартфондардың ұтысқа қойылғаны белгілі болды. Ұтысқа қатысу үшін азаматтар Oilan Lab ЖШС ұсынған 29 990 теңгелік оқу курстарын сатып алуы тиіс болған. Жеңімпаздар "Поле чудес" жабдығы арқылы кездейсоқ таңдалған.
Нәтижесінде блогерге "Лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша 300 АЕК (1,18 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ол кінәсін толық мойындап, айыппұлды төледі.