Елімізде шамамен 7 миллион бала тұрады. Медицина мамандары әр баланың жағдайын құрсақта жатқан кезден-ақ бақылайды. Дұрыс жетілуін қадағалайды. Бала дүниеге келген соң да медициналық тексерулерден жиі өтіп тұрады. Жыл сайын 2 миллионнан астам бала туғаннан бастап 6 жасқа дейінгі аралықтағы скринингтен өтеді, деп жазады Egemen.kz.
4,5 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруге барады. Шамамен 1,5 миллион бала ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес иммундаудан өтеді. Балаларға медициналық көмек мемлекет кепілдік берілген көлем, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін көрсетіледі. Мектеп жасындағы балалардың денсаулығы да әркез назарда.
Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың арқасында елде бала өлімінің көрсеткіші ең төмен деңгейге түскен. Перинаталдық орталықтар базасында неонаталдық хирургия бөлімшелерінің төсек қоры 20%-ға ұлғайды. Бұл жыл сайын туа біткен кемістігі бар шамамен 1500 жаңа туған сәбиге операциялық ем жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Операцияның 40%-ы эндобейнехирургиялық әдіспен жасалады. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі сәбилердің өміршеңдігі 88%-дан 93%-ға артып, өлім 15%-ға төмендеген.
Бүгінде еліміз Орталық Азияда неонаталдық көмекті ұйымдастыру стандартын бекіткен алғашқы және жалғыз мемлекет. Ондағы басты қағидат – реанимация бөлімшелерінде 1 мейіргер – 1 жаңа туған нәрестеге қатынасын сақтау. Елімізде неонатологтар мен мейіргерлердің қуатты онлайн-кәсіби қауымдастығы құрылды. Бұл – Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген сарапшыларды қоса алғанда, 1000-нан астам маманды біріктіретін қуатты білім беру платформасы. 2008 жылдан бастап отандық дәрігерлер салмағы 500 граммнан асатын жаңа туған нәрестелерді өмірге бейімдеуді қолға алды. Перинаталдық орталықтардың базасында неонаталдық хирургияның төсек қоры 20%-ға ұлғайды. Балаларға онкогематологиялық көмек жүйесі қарқынды дамып келеді. Цитология мен иммуногистохимиядан бастап ПЭТ-томография, молекулалық-генетикалық технологияларға дейінгі заманауи диагностикалық әдістердің толық спектрі енгізілді.
Емшаралар түгел халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі. Полихимиотерапия, сәулелік терапиядан бөлек, хирургия мен гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау мүмкіндігі бар. Бұл аллогенді, аутологты, гаплоидентикалық әдістерді қамтиды. 2013 жылдан бері 515 балаға трансплантаттау жүргізілген. Оның ішінде 28-і халықаралық донорлар тіркелімінен (Ресей, Германия, Польша) алынған туыстық емес донорлардың арқасында іске асты. Инновациялық тәсілдердің – интраартериялық химиотерапия, «өсетін» эндопротездердің 3D-моделдеу технологиясы, таргеттік иммунотерапияның арқасында балалардағы онкологиялық аурулар жөніндегі жалпы өміршеңдік 70%-дан асқан.
Еліміздегі жетекші клиникалардың базасында балалар денсаулығын сақтауға қатысты тәсілдер үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялар мен диагностикалау, емдеудің заманауи әдістері енгізіледі. Мысалы, биыл 1–3-дәрежелі есту қабілеті бұзылған балаларды есту аппараттарымен, сөйлеу процессорларын ауыстырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа заңнамалық нормалар қабылданды. Денсаулық сақтау министрлігі әр баланың дені сау болып, сапалы медициналық көмекпен қамтылуына барынша қарайласып келеді. Балаға қамқорлық олардың денсаулығын нығайтудан басталады.