Оңтүстікте жүйткіген жедел жәрдем көліктері елорданың қақаған қысына шыдас бермей жатыр. Астананың қытымыр климатынан техникалық ақауға жиі ұшыраған 12 арнайы көлік қатардан шығарылмақ, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Сатып алынғанына алты жыл, бар болғаны 40 мыңнан 110 мың шақырым аралығында жүрген көліктердің техникалық жағдайы сын көтермейді. Бір ақауы жөнделсе, келесісі бұзылып, әсіресе қыстың қақаған суығында жолда қалып қойған кездер де тіркеліпті. Жауапты ведомсто ақаулы көліктерді аукцион арқылы сатуға тырысқанымен, соңғы сегіз айда тек біреуі ғана жаңа иесін тапқан.
Қалған 12 техника темір үйіндісіне айналып, тұрақта қаңтарылып тұр. Қазір жедел жәрдем станциясында 194 санитарлық көлік бар. Ал норматив бойынша мұндай техника саны 160-тан аспауға тиіс. Артық көліктерді есептен шығару жұмысы тежеліп, жаңасын алуға кедергі келтіріп отыр дейді сала мамандары.
"12 көліктің қозғалтқышы үнемі бұзылып отырды. Білмеймін, бәлкім бұл пайдалану жағдайына байланысты шығар. Оңтүстікте бұл модель жақсы нәтиже көрсетті. Онда екі литрлік турбобензин қозғалтқышы орнатылған. Оңтүстікте жақсы жүріп жатыр, бірақ неге екені белгісіз, суықтан қорқады", — дейді "Қаланың жедел жәрдем станциясы" коммуналдық кәсіпорнының директоры Нұрданат Беркінғали.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!