Президент былтырғы Жолдауында агро-өнеркәсіп кешенін қаржыландыруда тікелей субсидиялау-дан қолжетімді несиелендіруге көшуді, оның ішінде коммерциялық банктер қаржысын тартуды тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес 2029-шы жылға қарай жеңілдетілген несие беру жүйесіне көшуді ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітілді. Биылдан бастап кейбір тауар түрлерін өндіруге, мал тұқымын асылдандыруға бөлінетін тауарлық-спецификалық субсидиялар жойылды. Былтырғы көктемгі егіс және күзгі орақ науқанына 580 млрд теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп кешенін 5 пайыздық мөлшерлемемен тікелей қаржыландыру аясы кеңейтілді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын 5 пайыздық жеңілдетілген лизингпен беретін бағдарлама іске қосылды. 2019-2024 жылдардағы қолдау шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 есе ұлғайып, 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 1,9 есе артып, 919 млрд теңгеге, тамақ өндіруге тартылған қаржы 2 есе өсіп, 180,8 млрд теңгені межеледі. Ал тамақ өнімдерінің өндірісі 1,9 есе көбейіп, 3,3 трлн теңгеге, саланың экспорты 1,5 есе артып, 3,3 млрд доллардан 5,1 млрд долларға жетті.