Түркістан облысында 2026-2028 жылдары су үнемдеу технологиясын енгізуді субсидиялауға 90 млрд теңге бөлінеді.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Жетісай ауданының шаруаларымен кездесуінде айтылды. Ведомство басшысы шаруаларды ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларына тездетіп көшуге шақырды. Ол біріншіден суды үнемдесе, екіншіден, өнімділікті арттыратынын айтты. Ол үшін субсидия да қарастырылған. Мәселен, былтыр министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алып, орнатуға және инфрақұрылымды жүргізуге кеткен шығынды өтеп беру үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайтты. Сондай-ақ суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85%-ға дейін өсетінін жеткізді. Сондай-ақ сапар барысында министр Жетісай мен Мақтаарал аудандарына су жеткізетін «Достық» мемлекетаралық каналының жағдайымен танысты.
Қабылан Жұмабеков, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы:
- Жаңа технология деп жатырсыздар, осының бәрі енгізілсе бізде алынбайтын қамал жоқ. Жаңа айтып қалдыңыз "Қазсушар" мекемесімен тікелей шарт жасалды. Мен Шардарада шаруа қожалықтың төрағасымын 40 жылдай болды, өзім агрономмын. Осы «Қазсушармен» тікелей шарт жасалғаннан кейін бізде баға төмендетілді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Табиғатта өзгерістер болып жатыр. Күн ыстық, қыста қар, жазда жауын жоқ. Су қай жақтан болады? Сондықтан су үнемдейтін технологияларды біз міндетті түрде енгізуіміз керек. Егер тамшылатып, жаңбырлатып суару жүйесін енгізсеңіздер, субсидия көлемі 80 пайызға көбейтілді. 20 пайызын шаруа төлейді, 50 пайызын республика төлейді, 30 пайызын жергілікті атқарушы орган төлейді.