Елімізге емделу үшін келетін туристер қатары артты, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр 45 елден 80 мың емделуші келді. Бұл туралы Қазақстандағы медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец мәлімдеді. Елде ем алатын шетелдік науқастардың басым бөлігі ТМД аумағынан. Дені Ресейден келеді. Олар әдетте тісін емдетеді. Жүрек пен буындарына операция жасатады. Операция демекші, өзбекстандық науқастар да қазақстандық хирургтардың көмегіне жүгінеді. Қырғызстан мен Тәжікстаннан келетін науқастардың да саны көбейіп жатыр. Өйткені оларда жоқ қызмет пен заманауи жабдықтар бізде бар. Білікті дәрігерлер білімін шет елдерде жетілдіреді. Сондықтан болар, Қытай, Германия, Австрия сияқты елдерден келетін науқастар қатары жыл сайын артып жатыр. Оларға нейрохирургия, кардиохирургия, репродукті медицина, ортопедия және стоматология бойынша ем-дом көрсетіледі.
Кристина Кривец, Медициналық туризм қауымдастығының президенті:
- Отандық дәрігерлеріміз шетелдік науқастармен бұрыннан жұмыс істеп келеді. Әлеуетіміз әлі де бар. Медициналық туризм Астана мен Алматыда қарқынды дамып жатыр. Тоғыз клиникамыз Joint Commission International халықаралық аккредиттеуден өтті. Бұл біздегі медициналық қызметтердің жоғары деңгейін көрсетеді.