Қазақстан Иорданияда уран өндірісімен айналысатын болады.

Ол үшін бірлескен кәсіпорын құрылмақ. Тиісті келісімге бүгін тараптар Иордания Королінің елімізге жасаған ресми сапары барысында қол қойды. Бұдан бөлек Корольдікпен арада тікелей әуе қатынасын ашу да жоспарланған. Осы және өзге де мәселелерді бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Екінші Абдалла егжей-тегжейлі талқылап, тиісті уағдаластықтарға қол жеткізді.

Риат Шони, тілші:

- Қазақстан мен Иордания – достық пен өзара сенімге негізделген серіктес мемлекеттер. Таяу Шығыстың қақпасы саналатын Иордания Қазақстан үшін аймақтағы маңызды әріптестердің бірі. Себебі ол Азия, Еуропа және Африканы жалғап тұрған стратегиялық ел. Екі елді байланыстыратын басты құндылық – бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген ортақ ұстаным. Ал Иордания Королі Екінші Абдалла бен әл-Хусейннің бүгінгі сапары қос мемлекеттің байланысын жаңа деңгейге көтеруге жол ашпақ.

Иордания Королі – ІІ Абдалла. Мұхаммед пайғамбардың 41-тікелей ұрпағы. Монарх 25 жыл көлемінде Королдікті басқарып отыр.Таяу Шығыс тұрақтылығының басты модераторының біріне де айналып үлгерген. Бүгін арнайы шақыртуын қабыл алып, ресми сапармен келген Иордания басшысын Президент Ақорда резиденциясында ерекше құрметпен қарсы алды.

Тараптар қол алысып, делегация мүшелерін таныстырып болғаннан соң аз-кем әңгімелесу үшін шағын құрамда келіссөз жүргізуге аттанды. Бүгінде Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен, Президенттің пікірінше, тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Қос мемлекет арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың бастамасы биыл ақпан айында қаланған болатын.

Сол кезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған сапары барысында тараптар сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту, білім және мәдениет саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласқан болатын. Аммандағы кездесу барысында қос елдің басшысы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға келіскен. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын. Бұны Президент ІІ Абдалламен кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында тағы бір еске салды.

Қазақстан – Иордания

тауар айналымы – $500 млн

экспорт: 60 өнім түрі

жалпы құны – $250 млн

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі жақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше роліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін.

Өз кезегінде Король ІІ Абдалла екі елдің достығын жоғары бағалайтынын жеткізіп, сан саладағы әріптестікті арттыруға мүдделі екенін айтты. Мәселен, қазір біздің елде иордандық капиталы бар 94 компания тіркелген. Соның 60-қа жуығы белсенді жұмыс істеп жатыр. Негізі Иордания Қазақстан экономикасына 20 жылға жуық уақыт аралығында 15,5 млн доллар инвестиция құйған. Ал біздің тараптан корольдікке тартылған қаржы көлемі болса бүгінде 4 млн долларға жетеді.

II Абдалла бен әл-Хусейн, Иордания королі:

- Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін.

Келіссөз барысында Президент Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Айта кету керек, екі ел бір-бірінен алшақ орналасқан. Осы ретте арада тікелей әуе рейсін ашу жоспары бар екендігі айтылды. Яғни, келер жылы Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында қатынауды көздеп отыр. Тағы әлеуеті зор бағыттардың бірі – цифрландыру саласы.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Дрондар индустриясы бойынша кооперация құруға зор мүмкіндік бар. Иорданияда бұл сала жақсы дамыған. Дрондардың дизайнынан бастап, өндірісі мен инжинирингі, сондай-ақ олардың паркін басқаруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейіне дейін жеткен. Бірнеше ай бұрын мен Иорданияға барып, өзіммен бірге төтенше жағдайлар, ішкі істер және қорғаныс министрлігінің өкілдерінен құралған делегацияны ертіп апардым. Сол сапар барысында олардың тәжірибесін жан-жақты зерделедік.

Екі жақты келіссөз қорытындысы бойынша тараптар маңызды деген бірқатар құжаттарға қол қойды. Оның арасында Қазатомөнеркәсібі мен Иорданияның JUMCO компаниясымен арадағы меморандумды ерекше атап өту керек. Бұл келісімге сәйкес бірлескен кәсіпорын құрып, Корольдікте уран өндіру ісін қолға алу жоспарланған.

Иордания, Амман

Айта кету керек, маңызды құжаттың алғашқы кезеңіне биыл ақпан айында Амман қаласында қол қойылған. Бүгінде Иордания жерінде уранның 260 мың тоннаға жуық қоры бар деп бағаланады.

Әлемдегі 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Енді оны өндіріп, игеру үшін қазақстандық тарап өз технологияларымен бөлісіп, көмек көрсетпек ниетте.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл келісімге сәйкес біз нақты зерттеу, уран қоймаларын әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыратын болады. Егер жағымды нәтижелер шықса бірлескен кәсіпорын 2026 жылдың аяғына дейін құрайтын боламыз. Қазатомпромның үлесі 70 пайыз, ал JUMCO-ныкі 30 пайыз болады. Бірлескен кәсіпорын Иордания уранмен айналысатын болады.

Қазақстанға ресми сапары барысында ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапаттады. Өз сөзінде Король Мемлекет басшысының екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иордания арасындағы достық байланыс болашақта одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл ынтымақтастық тек екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты нығайтуға да жол ашады.

Риат Шони, Марат Диханбаев