Ұлыбритания үкіметі заң бұзғандарды қысқа мерзімге қамамауды ұйғарып отыр. Қылмыстық-атқару жүйесін реформалау шеңберінде 1 жылға дейін сотталғандар енді қоғамдық жұмыстарға ғана тартылуы мүмкін. Қыркүйекте ұсынылатын жаңа заң жобасының басты мақсаты елдегі толып кеткен түрмелерді босату.
Бірақ бұл жаңалық тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты істермен сотталғандарды сырт айналып өтеді. Олар бұрынғыша жазасын толық өтейді. Сондай-ақ тәртібі түзелген тұтқындарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүйесін енгізу ұсынылмақ. Ал түрме режимін бұзушылар бұрынғыша ұзақ отырады. Аса қауіпті деп танылған террористер мен қылмыскерлер де жаңа бастаманың шапағатын көрмейді. Жалпы, қылмыстық жүйені реформалау мәжбүрлі қадамға айналып отыр. Британ түрмелерінде орын жетіспейді. Жаңа түзету мекемелері салынып, олар қосымша 14 мың орынмен қамтылғанымен, жеткіліксіз болып тұр. Билік жаңа реформасыз алдағы айларда түрмелер толып, сот процестері созылып, полицияның заң бұзушыларды қамауға алудан бас тартуы мүмкін,деп қорқады.
Марина Бекенова