Англия фермаларында көкөніс пен жеміс-жидек жинап жүрген қазақ жастары Лондонда футболдан қайырымдылық турнирін ұйымдастырып, жиналған қаражатты Қазақстандағы қорға жіберді, деп хабарлайды 24kz.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Жанболат Наурызбаев Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тумасы. Жасы 45-те. Англия фермаларының біріне 6 айға жеміс-жидек теруге биыл екінші рет келген. Жергілікті халық үшін бұл ауыр жұмыс, жалақысы да мардымсыз. Бірақ отандасымыз ай сайын табатын табысын місе тұтып, елдегі отбасына жіберіп жүр.
Жанболат Наурызбаев, төреші:
- 6 күн істейміз. 1 күн демалысымыз бар. Демалысымызға осы жаққа Лондонға келдік. Жұмыс жалпы негізінде қиын енді. Ол жерде норма бар. Норманы орындау керек. Бізде мақсат енді бала-шаға үшін ғой. Бала-шаға үшін табыс табуға келдік енді.
Жанболат Байқоңырдағы спорт мектебінде жаттықтырушы болған. Балаларды футбол турнирлеріне дайындаған. Бұдан бөлек, күзетшілік қызметпен де айналысыпты. Ферма берген бір күндік демалысында қайырымдылық турниріне төрешілік етіп отыр. Доп додасы биыл бірінші рет ұйымдастырылып, оған 6 команда қатысты.
Данияр Берікұлы, турнир ұйымдастырушысы:
- Мұқтаж отбасыларға бір үлесімізді тигізсек деген ниетпен осында еңбек етіп жүрген қазақтар арасында, фермаға келіп жұмыс істеп жүрген қазақтар арасында осындай кішігірім турнир ұйымдастырдық.
Отандастарымыз қатысу жарнасын төлеп, жиналған 1 миллион теңгеден астам ақшаны қайырымдылық қорына аударды. Алдағы уақытта турнирдің тынысын кеңейтіп, оған жергілікті және көрші Еуропа елдеріндегі диаспора өкілдерін де тарту жоспарланып отыр. Бұл жолы Лондонда тұратын қандастарымыз көрермен ретінде қатысып, қазақ жастарының белсенділігіне қуанды.
Әбдісәлім Саваш, Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының басшысы:
- Бұрын жастармен араласатынмын көп. Орысша сөйлейтін олар. Біздің балалар түрікше сөйлейді. Содан байқасам, жастардың барлығы қазақша сөйлейді. Жақсы әйтеуір. Енді бұдан кейін біздің балалармен араласып тұрса, соған қуанамыз.
Соңғы уақытта Англия фермаларына шақырту алу да қиындап барады. Орталық Азия елдерінен келетін жұмысшылар арасында бәсекелестік жоғары. Жанболат еңбекқорлығы арқылы көзге түсіп, келер жылы Англияға алма теруге тағы келуден үмітті.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы