Биыл Өзбекстанда 451 мың оқушы жас түлек атанды, деп хабарлайды 24KZ. Олардың 3 мыңға жуығы қазақ мектебін тәмамдады. Қаракөздердің дені тарихи отанына келіп, білім алып, маман иесі атануға ниетті. Қазір көрші елде 150 қазақ мектебі жұмыс істейді.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Шыршық қаласындағы №3 қазақ мектебі – шаһардағы беделді білім ордаларының бірі. Талай қаракөз түлеп ұшқан алтын ұя. Жыл өткен сайын қазақ балаларының саны азайып барады. Әлбетте, бұл үрдіс мектептердің «аралас тілді» болуын жақындата түспек.

Құрбангүл Яскулова, Шыршық қаласындағы №3 мектеп мұғалімі:

- 2001 жылдан бері осы жерде істеп жатырмын. 4 сыныпты ұшырдым. Олардың көпшілігі Қазақстан Республикасындағы жоғарғы орындарда істеп жатыр. Келіп тұрады.

Салтанатты шараға осы мектепті 45 жыл бұрын бітірген түлектер келді. Білім ордасына сый-сияпаттарын жасап, естеліктерін айтты. Жас түлектерге батасын берді.

Жақсылық Жорықпаев, Шыршық қалалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Жастарға тілерім, жақсы оқыңыздар. Сіздер мектептің, ата-ананың абыройысыздар. Ертең жақсы жүрсеңіздер, ұстаздарға рақмет айтады. Сол үшін сіздерге ақ жол тілеймін.

Бүгін Өзбекстан бойынша 451 мың оқушы түлек атанды. Олардың 3 мыңға жуығы қазақ балалары. Солардың бірі – Әмен Қошқараев.

Әмен Қошқараев, мектеп бітіруші:

- Мектепке деген қимастық бар. Достарымды, апайларымды қимаймын. Болашағыма келер болсам, құдай қаласа, Қазақстанда медицина саласы бойынша оқуға тапсырамын. Сол жаққа еңбегімді сіңдіріп, сол жақтың азаматы болу жоспарда бар.

Әменнің сыныптасары да болашақтарын тарихи отандарымен байланыстырғысы келеді. Бұл ретте қазақ Үкіметі оқуға ниеті бар қандастарға көп жеңілдік қарастырып отыр. Жоғарғы оқу орындарына емтихан тапсырмай-ақ, сұхбаттан өтіп оқуға түсу мүмкіндігі жасалған.

Авторы: Дулат Нуркин