Абай тойына орай Семейде Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. «Абай жолы» энциклопедиясының авторы – энциклопедист Наурызбай Ақбай. Ғалым туындысын 1998 жылы жарыққа шығарған. Ол кезде өте аз таралыммен басылған кітапты жазушы Асқар Алтай ақын мерейтойына орай толықтырып қайта жариялады. Кітап ұлы ақынның рухани әлемі мен әдеби мұрасын жан-жақты қамтыған кешенді танымдық басылым. Онда Абай дәуірі, отбасы, замандастары, идеялық мұрасы және қоғамдық көзқарастары ғылыми негізде баяндалған.

Асқар Алтай, жазушы:

Қазақтың ғана тойы емес. Менің түсінігімде, Абайды бүкіл әлемде білетін адамдардың тойы. Түріктер оқиды, басқа шетелдіктер оқиды. Сондықтан Абайдың ұлы тойы. Сондықтан тойдың қарсаңында энциклопедия қалың оқырманға айта кетейік, 2 мың тиражбен шықты. Бірінші жолы қысқартып тастап шығардық. Ал мына нұсқасында толық түгелдей, ғылыми тұрғыда жан-жақты шықты.

Ал Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы балаларға арналған. Автор ұлы ақын туралы деректер мен оның шығармалары жайлы жас оқырман тілімен түсінікті етіп жазған. Туынды Абайдың өмірі мен тұлғалық болмысын жас ұрпаққа қарапайым әрі әсерлі тілмен жеткізген алғаш кітап. 2 мың таралыммен басылған. Енді туынды мектеп бағдарламасына енгізіледі.

Бағашар Тұрсынбай, жазушы:

Абайдың өмірбаяны кең, ауқымды. Оны Әуезов екі-үш қайтара жазды. Тұрсын Жұртбай жазды. Соны сығымдап біздің балаларға ұғынықты тілмен, оқиғаларды да сығымдап қамтыдық. Көбінесе біз Абайдың ақындық қырын ғана емес, Абайдың адамдық болмысын, естеліктерде біз көбінесе Абайды оқырманнан алыстатпай, жақындату үшін жазылған кітап.

Ержан Жақып