Елордада «Айбын» Президенттік полкінің қатарын толықтырған 200-ге жуық жауынгер ант қабылдады.

Шара «Отан қорғаушылар» монументінің алдында өтті. Салтанатты рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары келді. Жауынгерлер бір ай бойы далалық оқу орталықтарында арнайы дайындық курстарына қатысты. Енді сарбаздар 1 жыл ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгеретін болады. Айта кеткен жөн, мемлекеттік күзет қызметінде әскери борышын өтеу үшін азаматтар күрделі іріктеуден өтеді. Әскерге қабылдау кезінде жоғары білімді, спортта жетістіктері бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Темірлан Мағжанов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері, лейтенант:

- Бүгінгі жоспар бойынша 197 сарбаз әскерге қабылданды. Бір айдың ішінде біз сарбаздардың атыс дайындық сабақтарын жүргіздік. Физикалық дайындық сабақтарын жүргіздік. Барлық жағынан біз оларға көмек көрсеттік. Ең негізгілерін көрсетіп, түсіндірдік.

Абылайхан Қадырхан, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы, қатардағы жауынгер:

- Бүгін аса маңызды күн мен үшін, қарулас достарым үшін тарихи сәт. Алғашқы және соңғы еліміздің алдындағы әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды. Әскерде ең бастысы әскери тәртіп, әскери сыпайылық және мінез-құлық. Осыны қатаң сақтап жүрейік.