Күршімге көпір түскелі аудан азаматтарының облыс орталығымен алыс-берісі артып, кәсіптері кеңейе түскен. Одан бөлек, ауызсу, жылу секілді әлеуметтік мәселелерді шешудегі жұмыс қарқыны да күшейген. Туризм түрленіп, ірі жобалар жоспарға алына бастапты. Жуырда Күршімге баспасөз туры ұйымдастырылып, бір топ журналист ауданды араладық , көргенімізді көңілге түйдік.
Тиімді тәсілдің берері мол
Бұқтырма суқоймасын жағалай өсімдік алқаптары жайқалып тұр. Күні кеше Күршім десе паром, паромға асыққан жолаушылар елестеуші еді, бүгінде дәмі таңдайда қалатын қарбызы ойға оралатын болыпты. Күнгейдегі қарбыз алқабы әне-міне дегенше тырсылдап пісе бастайды. Бұрын арықпен суарып келген диқандар енді заманауи технологияға көшкен. 2023 жылы Күршімде жаңбырлатып суару әдісі тек 9 га алқапта қолданылса, былтыр бұл көрсеткіш 75 гектарға, ал 2025 жылы 230 гектарға жетіпті. Бақша шаруашылығымен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан аудан тұрғыны Мұрат Бикенов бұл өте тиімді тәсіл екендігін айтады.
– Осы салада 1993 жылдан бері еңбек етіп келеміз. Биыл алғаш рет 7 га жерге жаңбырлатып суару әдісін қолдандық. Бұрын 9 га жерге егін салатынбыз, бұл жолы жаңа технология арқылы өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Жаңбырлатып суару кезінде судың ысырап болуы азайып, арамшөптің өсуі тежеледі. Бұрнағы жылы арық жүйесінде судың көп бөлігі далаға кететін, артық жұмыс күші қажет болатын. Жаңа әдіс өте тиімді әрі еңбек шығынын азайтады.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, алдағы жылдары жаңбырлатып суарылатын алқап көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Биыл Күршім ауданында егістіктің жалпы көлемі 587 гектарға жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 104,3%-дық өсімді көрсетіп отыр. Оның 522 гектары 48 шаруа қожалықтарына тиесілі болса, қалған 65 гектары – жеке қосалқы шаруашылықтар үлесіндегі жерлер. Биыл бақша дақылдарының гектарынан орта есеппен 252 центнер өнім алынады деген болжам бар.
Құйғанда демалыс орны ашылады
Құйған ауылында да қайнаған тіршілік. Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековтің айтуынша, мұнда келешекте толық инфрақұрылымы бар муниципалдық демалыс орны ашылады.
– Жергілікті тұрғындардан бөлек, көрші аудандардан да келіп демалатындар аз емес. Олардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Бірақ бұған дейін демалушыларға ешқандай жағдай жасалмаған еді. Осыны ескере келе, Бұқтырма жағалауында жаңа туристік жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді аудан әкімі.
Демалыс аймағын дамытуға арналған инфрақұрылымдық жұмыс биыл басталған. Жоба аясында аумақ толық абаттандырылып, келушілерге қажетті жағдай жасалады. Бастапқы кезеңде көлік тұрағы салынып, су, электр желілері тартылады. Бұған қоса, ерекше архитектуралық шешім ретінде жағажай аумағында домбыра пішініндегі шомылу пирсін салу көзделіп отыр. Жағалаудағы бірқатар жер учаскесі кәсіпкерлерге берілген. Алдағы уақытта тағы бірнеше учаске қонақүй, дәмхана, басқа да қызмет көрсету нысандарын салу мақсаттарына конкурс арқылы ұсынылады.
– Аймақ тек жазғы емес, қысқы демалыс түрлері үшін де қолайлы. Сондықтан төрт мезгілге лайықты қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға күш саламыз, – деп қосты аудан әкімі.
Қазандықтар қайта жанданды
Бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді. Аудан орталығындағы көнетоз әлеуметтік ғимараттар қайта іске қосылмақшы. Мәселен, Күршім ауылындағы №5 орталықтандырылған қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 35 жыл бойы қаңырап тұрған қазандық жақын арада іске қосылады. Мұнда қуаттылығы 1,5 гигакалория болатын бес қондырғы орнату жоспарланып отыр. Қазір олардың үшеуі дайын.
– Қазандық іске қосылғанда жалпы қуаттылығы 7,5 гигакалорияға жетеді. Қазірдің өзінде 1,9 шақырым жылу құбыры төселіп, жұмыс көлемінің 80%-ы аяқталды. Тамызға дейін қалған жұмыстарды бітіріп, қазандықты жылыту маусымына дайындаймыз, – дейді мердігер компания «АСТ Химпром» ЖШС-ның өкілі Олжас Мырзахметов.
Іске қосылған соң қазандық он мекемені, бір мектеп пен бір балабақшаны жылумен қамтиды. Күршім аудандық сәулет-құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Әскеркелдіқызының айтуынша, бұл ауыл үшін өте маңызды жоба.
– Қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарына 333,8 миллион теңге, жылу жүйелерін тартуға 240,7 миллион теңге бөлінді. Негізі жоба 2025 жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда біз жұмыстарды биылғы жылыту маусымына дейін аяқтап шығуға күш салып жатырмыз, – дейді ол.
Қазірде Күршім ауылында орталықтандырылған 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі бұрыннан бар, біреуі жаңа, 2023 жылы іске қосылған. Соңғысы бір мектеп, үш көпқабатты үй мен пошта ғимаратын жылумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жергілікті билік алтыншы қазандықты да қалпына келтіруді көздеп отыр. Егер қажетті мөлшердегі қаражат бөлінсе, тағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен екі мемлекеттік мекеме орталықтандырылған жылуға қосылады. Жалпы, аудан орталығында 36 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 19-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Енді тағы тоғыз үй қосылып жатыр. Олар №1, №4 қазандықтардан жылу алады. Егер қаражат бөлініп жатса, Күршім ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер 100% орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.
Айналма жол қашан аяқталады?
Аудан орталығының сыртымен өтетін жол құрылысына 10-нан астам техника, 30-ға жуық адам тартылған. Бас-аяғы 12 шақырымға жететін айналма жолдың құрылысы кейінгі жылдары Күршім ауданында көпірден кейін қолға алынған ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Жоба аудан орталығы ішіндегі көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, жолдағы қауіпсіздікті арттырмақ. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың күзінде басталып, 2026 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарланған.
– Биыл жоспарға сәйкес, жолдың төменгі қабатын төсеу, тегістеу жұмыстарын аяқтауға тиіспіз. Келер жылы үстінен екі қабат асфальт төселеді. Жол екі жолақты болады. Жүретін бөлігі мен жиегін қоса есептегендегі жалпы ені 10 метрге жетеді. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС №5 өндірістік жол учаскесінің бастығы Бағлан Ұябаев.
Дәлірек айтсақ, Күршім ауылын айналып өтетін жол 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында пайдалануға берілуі тиіс. Жоба құны – 3 млрд 412 млн теңге. 2025 жылы өңірде жол жөндеу жұмыстары мұнымен шектеліп қалмақ емес. Мәселен, биыл Алғабас ауылындағы Ибежанов, Күршім ауылындағы Шәкәрім, Зангин, Уражанов көшелерінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Сарыөлең мен Топтерек ауылдарындағы жолдарды қалпына келтіруге қатысты жобалар да бар.
Бірлікте тірлік бар
Аудандағы айтулы жаңалықтың бірі – жаңа оқу жылында Сарыөлең ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының балалары жаңа мектепке барады. Бұған дейін жергілікті оқушылар өткен ғасырдың 60-жылдары салынған ескі мектепте оқып келген.
– Ауылымызда жаңа мектеп салынып жатқанына қуаныштымыз. Заман талабына сай, білім мекемесінде спортзал, шағын орталық та болады. Мектебімізде кадр тапшылығы жоқ. Ауылымыз аудан орталығының іргесінде орналасқандықтан, мұғалімдеріміз келіп-кетіп жұмыс істей береді, – дейді мектеп директоры.
Жаңа білім ордасында 1-9 сынып аралығындағы 40 оқушы білім алады, мектепке дейінгі даярлық тобында 15 балақай тәрбиеленбек. 80-ге жуық түтіні бар шағын ауыл үшін бұл ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.
Ескі мектеп ғимаратын да иен қалдырмай, пайдаға жарату жағы қарастырылып жатыр. Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартовтың сөзіне сенсек, мұнда ауылдық мәдениет үйі орналасуы мүмкін.
– Тұрғындардың тұрақтап қалуы үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Демографиялық ахуал қалыпты. Былтыр мұнда екі үй салынып, оған Қызылорда мен Маңғыстау облыстарынан көшіп келген отбасылар қоныстанған. Биыл тағы бір үй салынады, – дейді ауыл әкімі.
Барақ батыр ауылында су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы құны 742 миллион теңге болатын жоба жүзеге асқаннан кейін 153 үй толықтай таза ауызсумен қамтылады. Қыс ортасында жерасты суларының деңгейі күрт төмендеп, құдықтан су ішіп отырған бүтін бір ауыл тіршілік нәрінсіз қалған еді. Сол себепті, Барақ батыр ауылында су құбыры желісінің салынуы – күн тәртібіндегі бірінші кезекті мәселе. Бірлік ауылында блок-модульдік жабдық қойылған. Енді елді мекенде көше бойларына құдық орнатылады. Жалпы, өңірдегі 21 елді мекеннің 20-сы таза ауызсумен қамтылған (95,2%).
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы