Батыс Қазақстан облысында барлық мектеп «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағатын өткізді. Бұл – әсіресе 11 сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басатын 7095 түлек үшін сезімге толы әсерлі сәт.
«Ақжайық өңірінде барлығы 379 мектеп бар, онда 124 мыңнан астам оқушы білім алып жүр. Мектеп бітіретін 7 мыңнан аса түлек үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өтті. Биыл біздің 337 оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер, ал 419-ы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр», дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
2024–2025 оқу жылы өте жақсы нәтижемен аяқталды деп айтуға болады. Республикалық, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 78 оқушы 14 алтын, 24 күміс, 43 қола медальдың иегері атанған. Мұның ішінде дәрежесі өте жоғары халықаралық О.Жәутіков атындағы олимпиадасы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары конкурсы, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары бар.
Әсіресе ауыл мектептерінің жетістігі көңілге қуаныш ұялатады. Ауыл мектебі оқушыларына арналған республикалық олимпиадада Тасқала ауданының «Сәулет» мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» атағын алса, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Батыс Қазақстан облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» иеленіп, II дәрежелі дипломмен марапатталды. Жалпы, облыс командасының қоржынында 6 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль бар. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Қазталов ауданы К.Меңдалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Саида Әбуханова «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» болды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. Биыл 6 мектепке жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Олар – Ақжайық ауданындағы Ғ.Махамбетов атындағы орта мектеп, Қазталов ауданындағы Қараөзен мектеп-лицейі, Бәйтерек ауданындағы Белес мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, Шыңғырлау ауданындағы Л.Қылышев атындағы орта мектеп, Жаңақала ауданындағы Д.Нұрпейісова атындағы мектеп, Сырым ауданындағы А.Жұмағалиев атындағы мектеп-балабақша кешені», дейді Елдос Нәбиоллаұлы.
Бұдан бөлек, облыс аумағында «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында үш мектеп салынды. Оның екеуі Орал қаласында – Деркөл кентінде 1500 орындық №51 мектеп, Балауса шағын ауданында 1500 орындық №53 мектеп. Сондай-ақ Теректі ауданының Подстепное ауылында 1200 орындық мектеп те пайдалануға берілді. Дәл қазір тағы осындай 6 мектеп құрылысы жүріп жатыр.
Соңғы оқу жылының өзінде облыста 4768 оқушы оқитын жаңа мектеп салынып, шәкірт тәрбиелеуге кіріскен. Жыл сайын ауыл мектебін жаңғырту, қолданыстағы мектептерді күрделі жөңдеу және заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмысы да жүйелі жүріп жатыр. Осы жылдың өзінде роботтехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша 193 заманауи пәндік кабинет жабдықталған.
«Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2025–2027 жылдар аралығында Батыс Қазақстан білім басқармасына қарасты 86 мектеп, оның ішінде 2025 жылы – 5 мектеп, 2026 жылы – 34 мектеп, 2027 жылы 47 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, 86 мектептің күрделі жөндеу жұмысына 60 521,8 млн теңге қаражат жұмсалады», дейді басқарма басшысы.
Батыс Қазақстан облысы