Бұл күн – мектеп түлектерінің талай жыл тәлім алған ұясынан ұшар сәті. Оларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздар мен балапандай баптаған ата-аналар үшін де көңіл толқытар шақ. Ал басқа сынып оқушыларына арқадан жүк түсіріп, тағы бір сатыны артқа тастайтын мерейлі мезет. Иә, бүгін еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылды.

Ал кеше орта білім ұйым­да­рын­да бір мезгілде «Білімім – Отаны­ма» бірыңғай сынып сағаты өтті. Осы іс-шараға қатысқан Оқу-ағар­ту министрі Ғани Бейсем­­баев оқушыларды 2024–2025 оқу жы­лының аяқталуы­мен құттықтады.

«Мемлекет басшысының баста­ма­­­сымен елімізде бір жыл ішінде ре­корд­тық көрсеткіш – 257 жаңа мектеп ашылды. Оқу­шы­лары­мыз халықаралық білім дода­ларында 362 медаль иеленсе, оның 41-і – алтын медаль. Ел тарихында алғаш рет колледж студенттерінен құрал­ған Қазақ­станның ұлттық құра­­ма­сы Франция­да өткен 47-ші «WorldSkills» чем­пио­натын­да зор табысқа жетіп, 7 медальон ие­ленді. Мұның бар­лығы — отан­дық білім жүйе­сінде­гі жүйелі реформалар мен қажырлы еңбектің нақты же­місі. Сіздер – мектептің жүрегі, білім мен тәрбиенің алтын арқауы­сыздар. Академиялық біліммен қатар, шә­кірт­теріңізге ұлттық құнды­лық­тарды дарытып, олардың саналы азамат болып қалыпта­суына өлшеусіз үлес қосып келесіздер», деді министр.

Сала басшысы өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берудегі жанашырлықтары үшін, ұстаздық мис­сияға деген адалдықтары үшін шынайы ризашылығын білдірді. Қолдау көр­сеткен ата-аналарға да алғыс айтты және түлектерге жарқын бола­шақ тіледі.

Сонымен, өз мәресіне жеткен бұл оқу жылы несімен есте қалды, білім жүйесіндегі қай сала қандай белесті бағындырды? Сандар сөйлегенде көңілді көншіте ме? Осы орайда біз оқу жылын қорытындылап көрдік.

ап

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мектепке дейінгі білім. Биыл рес­пуб­ли­кадағы балабақшалар ваучер­лік қаржыландыруға көшуді бастады. Былтырдан бері Тараз, Түркістан, Шым­кент, Орал мен Астана қалаларында мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Ал биылғы наурыз айынан бастап қа­нат­қақты жобаға Семей, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды қалалары, сондай-ақ Байзақ және Сарыағаш аудандары қосылды. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл механизм мемлекеттік қызметтерді ашық әрі тиімді көрсетуге, мектепке дейінгі ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырысты бөлуге бағытталған. Жаңа жүйенің негізгі артықшылығы бала­бақ­­ша­лар арасындағы салауатты бәсе­келестік пен ата-аналарға арналған білім беру мекемесін таңдау еркіндігі есебінен қызмет көрсету сапасын арттыруда болып отыр. Қаржыландырудың осындай жүйесін енгізу арқылы Тараз қаласының балабақшаларына кезек 12 есеге – 24 мыңнан 2 мыңға дейін, ал Түркістанда 5 есеге – 850-ден 169-ға дейін қысқарды.

Балабақшамен қамтуға келсек, би­ылғы меже мен алдағы жоспар ке­ле­сідей: бүгінгі таңда елімізде 11,6 мың балабақшаға 1 миллионға жуық бал­дырған барады. 2027 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда жаңадан 300 мың орынды қолданысқа беру жоспарда тұр. Биыл жыл соңына дейін кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтуды 95%-ға арттыру межесі жоспарланған. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады, жыл басынан бері 1,6 мың орындық 20 мектепке дейінгі ұйым қолданысқа берілді.

Орта білім. Еліміздегі 4 млн-ға жу­ық оқушы 8 мыңнан аса мектепте осы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 350 мыңдай бала 1-сыныпты, 364 мыңнан көбі 9-сыныпты, 217 мыңнан артығы 11-сыныпты бітіріп жатыр. Түлектердің 11 мыңы «Алтын белгіге», 15 мыңы «Үздік аттестатқа» үмітті. Жаңа оқу жылында 370 мыңнан аса бала 1-сыныпқа қабылданады деп күтіліп отыр.

Сала министрлігінің дерегіне сүйен­­сек, 2024 жылдың басынан бері елі­мізде 400 мыңға жуық жаңа оқушы орны құрылды. Кейінгі екі жылда үш ауы­сымды мектептердің саны 3 есе қысқарды. Жыл сайын мың ауыл мек­тебін жаңғырту, қолданыстағы мектептерді күрделі жөндеу және заманауи пән кабинеттерімен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында 967 мектепте 1700-ге жуық роботтехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пән кабинеттері жабдықталды. Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерді реновация­лау бағдарламасы басталды. Биыл бұл бағ­­дарлама аясында 248 мектеп жаңғыр­­тыл­мақ.

Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан және бастауыш сыныптарынан 1 млн 700 мың оқушы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылды.

Қазіргі уақытта еліміздің орта білім беру ұйымдарында 412 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатыр, былтырғы жылмен салыстырғанда, 14 мыңға артық. Бұл өз кезегінде орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығының толығымен жойылуына ықпал етті. Педагогтердің 73%-ға жуығы – жоғары біліктілік санатына ие. Қазақстан тарихында алғаш рет биылғы оқу жылында екі педагогке Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды, сондай-ақ 36 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды, 64 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленді және оларға мемлекет тарапынан 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы тағайындалды.

Техникалық және кәсіптік білім. Бұл салаға биыл бұрынғыдан бөлек мән берілген секілді. Мұны Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы­мен байланыстыруға болады. Жұ­мысшы мамандықтар жылы аясында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беруді трансфор­мация­лау, колледждерді ин­терна­ционалдандыру бағытында жұ­мыс­тар жүргізілді. 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңар­тылды. Студенттердің тұр­мыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Биз­нес өкілдері 8 мыңнан аса білім бағ­дарламаларын әзірлеуге қатысты. Мек­теп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беру мақсатында алғаш рет наурыз айын­да педагогикалық лауазымдар тізіміне педагог-кәсіби бағдар беруші штаты ен­гізі­ліп, кәсіпорындар, колледждермен бір­лесіп мектептерде бейіндік сыныптар ашылды.

2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің колледждерін 173 мың студент бітіреді. Оның ішінде 123 мың түлек жұмысшы мамандықтары бойынша біліктілік алып шығады, 27 мыңы – дуал­ды оқыту шеңберінде, тағы 10 мыңы кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алғандар. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жұмысқа орналасу динамикасының артуы. Былтыр колледж түлектерінің жұ­мысқа орналасу көрсеткіші 81%-ға жетті.