Ақтауда магистральды жылу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Тозығы жеткен желіні ауыстыру үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген. Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған болатын.

Ақтаудағы магистральды жылу желісінің 79%-і тозған. Қазір оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Жаңа құбырлар 50 жылға дейін шыдайды», – дейді мамандар. Жылуды ұзақ сақтайтын құбырлар шіріп кетуі үшін мырышпен қапталған.

Сәкен Бердібаев, мердігер мекеме өкілі:

- Барлығын алғанда 44 шақырым құбыр жаңартуға жоспарланған. Соның 2024 жылы 22 шақырымын жаңарттық. Қазіргі таңда келесі 22 шақырымы жаңартылып жатыр. Бүгінгі күнге алып қарағанда сол 22 шақырымның 12 шақырымға жуық құбырын ауыстырдық. Яғни 50%-ін құрайды.

Қайта жаңғырту жұмыстарына 100 техника мен 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Құрылысқа отандық және ресейлік материалдар қолданылып жатыр. «Құбырлар жаңартылғаннан кейін, қазылған аумақ абаттандырылады», – дейді жауаптылар.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- 2024 жылдан бастап Ақтау қаласындағы магистральдық және ішкі шағын аудандағы жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Нәтижесінде Ақтау қаласындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 79%-тен 75%-ке төмендейді. Бұл тұрғындарға сапалы жылу беруді, ыстық су беруді, сонымен қатар жылу желілеріндегі негізсіз шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Мердігер мекеме құрылысты қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал жылыту маусымы басталғанға дейін желілерді іске қосу, сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев