Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы жүріп жатыр. Бүгін процестің екінші күні. Сот жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Дегенмен БАҚ өкілдеріне іс барысынан ақпарат таратуға мүмкіндік берілген.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Дәл қазір белсенді Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты басты сот талқылауы жүріп жатыр. Бүгін де куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр. Екінші болып тағы бір жәбірленуші Олжас Садық тыңдалды. Ол Перизат Қайраттың қоғамдық бірлестігіне азаматтардан жиналған 83 млн теңгені аударған. Одан бөлек, Олжас Салықты қайырымдылық әрекеттері туралы видео дәлелдер түсіруге шақырған. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар мен Палестина халқына гуманитарлық көмек жиналған қоймаларды түсіруге тартқан. Олжас Садықтың сөзінше, ол кеше аударылған қаражаттың бір тәулік ішінде гуманитарлық жүкке айналып шыға келгеніне мән бермеген. Кейін өзі аударған қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы есепті сұрағанымен, Перизат Қайрат ешқандай дәлел келтірмеген. Одан кейін сотталушыға 86 млн теңгеге 3 бөлмелі пәтерін сатқан куәгер Жанерке Елжановадан жауап алынды. Сонымен қатар Перизат Қайрат Жанерке Елжанованы бірнеше үй мен коммерциялық ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге тартқан. Одан кейін тағы бір куәгер Балжан Шошақовадан жауап алынды. Ол 2024 жылы Перизат Қайратқа коммерциялық ғимаратты 2 млн теңгеге жалға берген. Бесінші куәгер алматылық Юхатова Екатерина. Куәгердің айтуынша, ол Перизат Қайратқа 30 млн 30 мың теңгеге Мерседес автокөлігін сатқан. Алайда сотталушы бұл адамды мүлдем танымайтынын, ешқашан көрмегенін мәлімдеді. Дәл қазір ақтөбелік Алтын Мусинадан жауап алынып жатыр. Ол Перизат Қайратқа бухгалтерлік қызмет көрсеткен.