Елімізде алғаш рет Қазақстанның жер асты су қорларының картасы жасалды. Атласты Сәтбаев университетінің Ахмедсафин атындағы Гидро-геология және геоэкология институтының ғалымдары құрастырған. Ауқымды жоба – жер асты сулары туралы негізгі деректерді біріктіретін цифрлық жүйе. Су ресурстарын тиімді басқаруға, әсіресе құрғақшылық жағдайында тұщы судың тапшылығын шешуге көмектеседі. Сондай-ақ жер асты су қорларын, оның ішінде геотермальды және минералды суды дәлірек бағалап, пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа Атласты экологиялық мониторинг құралы ретінде де қолдануға болады. Цифрлық карталар жер асты суларының сапасын нақты уақыт режимінде бақылап, геологиялық ортаның ластануының алдын алуға септігін тигізеді. Бұл судың тапшылығына байланысты дамуы тұралап қалған аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — дейді ғалымдар.
Жұлдызбек Әліханұлы, У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының зертхана меңгерушісі:
Геологиялық Атласта тек соңғы жылдардағы ақпараттар қамтылмайды. Ахмедсафин бастап кеткен 1960 жылдардан бері жүргізілген жұмыстардың барлығы қамтылып отыр. Осынша уақыт жүргізілген жұмыстың нәтижесі ретінде осы Атлас құрылып, Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
Қуан Нұрақын