Бүгін, 9 шілде күні елімізде су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап су саласы мамандарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, «Табиғи монополиялар туралы» заңға түзетулер әзірленіп, қабылданды. Бұл биылғы 1 қыркүйектен бастап су саласындағы 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы саласының мамандары деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жақын арада «Қазсушар» РМК-ның маусымдық 435 қызметкері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Су саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Былтыр «Қазсушар» РМК-ның 500-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда оқудан өткен. Министрлік биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар Қытаймен жасалған келісімдер аясында қазақстандық су мамандары көршілес елде біліктілік арттыру курстарынан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта 60 адам оқудан өткен. Жыл соңына дейін Қытайда тағы 60 маман білімін жетілдіреді. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда – «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.
«Әріптестерімді Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында сіңіріп жатқан табанды әрі жанқияр еңбектеріңіз ерекше құрмет пен шексіз алғысқа лайық. Су шаруашылығы саласының болашағы жұмысшылардың қажырлы еңбегімен құрылып келеді. Елді мекендер, егістік алқаптары мен өнеркәсіп нысандары тіршілік нәрімен қамтамасыз етіліп отыр. Осы мерекеде сіздерге және жақындарыңызға денсаулық, табыс, молшылық, жарқын болашақ және ашық аспан тілеймін!», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.