Аралдың Өзбекстан тарапындағы гидротехникалық қондырғыларын ауыстыруға 6 млрд доллар қажет. 80 жыл бұрын салынған сорғы станциялары әбден ескіріп, су шығыны көбейді. Сала мамандары Арал аймағына халықаралық ұйымдардың назар аударуын сұрайды. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан құрғаған теңіздің экологиялық мәселесін шешуге бірлесіп күш салып жатыр. Қос тарап аймаққа сексеуіл егіп, жасыл желекке айналдыруды көздейді.

Соңғы жылдары халықаралық ұйымдар Арал аймағына қомақты қаржы бөлуге мүдделі емес. «Осыдан 10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда көмектің көлемі жер мен көктей», – дейді мамандар. Ендігісі Аралдың тағдыры Қазақстан мен Өзбекстанның қолында.

Вадим Соколов, Халықаралық «Аралды құтқару» агенттігі қорының директоры:

- Аралға бөлініп жатқан қаржының жалпы есебі 7 млрд долларға жуықтайды. Оның біраз бөлігін мемлекет қаржыландырса, 30%-і халықаралық ұйымдардың еншісінде. 8 жылдың ішінде аймақта оң өзгерістер байқалады. Аралдың табанынан газ кеніші табылды. 2 бірдей газ тарату зауыты салынды. Алайда бөлініп жатқан қаржы әлі де жеткіліксіз. 80 жыл бойы істеп келе жатқан сорғы станцияларын ауыстыруға 6 млрд доллар қажет.

Аралдың құрғаған табаны 6 млн гектарды алып жатыр. Соның 2,8 миллионы Қазақстанға тиесілі. Қалғаны Өзбекстан еншісінде. Теңіз ұлтанына сексеуіл және басқа да өсімдік түрлерін егу қолға алынған. Қазақстан тарапы 1990-шы жылдардан бері 900 мың гектардан астам жерге тұқым септі. 1 млн көшет әзірлейтін тұқымбақ бар. Қазір тағы бірінің құрылысы жүріп жатыр. Оның аумағы 33 гектардан асады. Ала шапанды ағайындар болса, экологиялық аймақта ауылшаруашылық саласын дамытуға күш салып жатыр.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Біздің тарапта егілген жасыл-желектің биіктігі 2 метрге дейін жетті. Нәтижесінде шаң-тозаңның әуеге көтерілу процесі азайып келеді. Енді сол аумақтарды жайылымға айналдыруды көздеп отырмыз. Шаруашылыққа жайлы жағдай жасалатын болады. Малға азық саналатын өсімдіктер егіледі. Жергілікті жұрт төрт-түлігін түлетеді.

Жалпы Арал аймағында әлі 4 миллионнан аса жерді көгалдандыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа Өзбекстан бюджетінен жыл сайын 25 млрд сом қарастырылған.

Авторы: Дулат Нуркин