Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесі енгізілмек.
Пилоттық жоба ертеңнен бастап іске қосылады. Оны төрт министрлік бірлесіп Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырмақ. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секцияларды, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Бастысы, енді балалар әлеуметтік статусына байланысты 12 санат бойынша жеке кезекке қойылады. Яғни бұрынғыдай кезек артқа жылжымайды. Сонымен қатар, қаржыландыру механизмі де қайта қаралды.
Майра Мелдебекова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Қаражат қызмет шын мәнінде көрсетілген соң ғана аударылады. Яғни бала үйірмеге қатысқан соң ғана төлем жасалады. Ол арнайы цифрлық платформада тіркеліп, ата-ана растайды. Демек, өтірік есеп тапсыратын алаяқ ұйымдардың жолы жабылады. Сонымен қатар ата-аналарға баласы баратын үйірмені ауыстыру үшін қайта құжат жинаудың қажеті жоқ. Ваучердің күші жойылмайды.
Ол үшін барлық талапқа сай ұйымдар бір цифрлық платформаға тіркеледі. Бұл мекемелерге жаңа мүмкіндік беріп қана қоймай, ашықтыққа да жол ашады. Сонымен қатар жеке деректердің қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі, дейді мамандар.
Ростислав Коняшкин, ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі:
- Қазір елімізде Ұлттық білім беру деректер қоры бар. Біздің балалар, білім беру ұйымдары, ондағы кезек туралы бар ақпарат осы мемлекеттік ақпараттық жүйеде сақталуы керек. Бірақ аймақтарда жекеменшік жүйелер жұмыс істеп тұр. Олар кейбір мемлекеттік қызметтерді атқарады. Енді пилоттық бағдарлама аясында бұл жүйелердегі деректер мемлекеттік базаға көшіріледі. Яғни жеке деректердің желіге тарап кету қаупі азаяды деген сөз.