Данияда дипфейктер мен жасанды интеллектінің теріс салдарына қарсы заң қабылданғалы жатыр , деп хабарлайды 24kz.

Британияда жалған ақпарат жариялағандарға еш аяушылық жоқ: 24 миллион долларға дейін айыппұл салынады. Әлеуметтік желінің қарқыны күшті. АҚШ-та әлеуметтік медиа жаңалық алудағы танымалдық бойынша телеарнаны басып озды.

Ернат Рахметолла, тілші:

- Дания дипфейк пен жасанды интелектінің зардабынан қорғайтын заң дайындап жатыр. Осы тұрғыда әр азаматтың бет-келбеті, дауысы және тіпті мінез-құлық ерекшелігін де жеке интеллектуалды меншік деп тану ұсынылды. Адамның цифрлық көшірмесін нейрожелінің көмегімен жасап, ғаламторда жариялаған жағдайда дипфейк авторы ол материалды өшіруі керек. Оған көнбегендерге қомақты айыппұл салынбақ. Ал зардап шегушіге өтемақы төлеуі қажет болады. Заң жобасын депутаттар қолдап отыр. Жыл аяғына дейін парламент қарауына ұсынылады. Құжат қабылданса, Дания жасанды интеллектіні реттеу тетігін заңдық тұрғыда енгізген Еуропадағы алғашқы ел болмақ.

Британияда фейк үшін $24 млн айыппұл салынады

Ұлыбританияда «Ғаламтордағы қауіпсіздік туралы» заң қабылданған. Ол бойынша әлеуметтік желілер фейк жаңалық сияқты заңға қайшы және зиянды контентті өшіруге міндетті. Айыппұл компанияның жылдық табысының 10%-ін қамтиды. Бұл 24 миллион доллар. Үкімет аталған заңды толықтыруға ниетті. Сексуалды сипатта контент жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылып отыр.

АҚШ-та әлеуметтік медиа телеарнаны шаң қаптырды

АҚШ жастары үшін әлеуметтік желілер жаңалық алудың негізгі көзіне айналды. Телеарна кейінгі орынға ығысқан. Америкалықтардың жартысынан астамы Мета, X, Tiktok және YouTube-ты қарайды екен. Бұл туралы Оксфорд университеті жанындағы Reuters журналистика институтының зерттеуінде айтылған. Бірақ онлайн сервистер арқылы тараған ақпараттың шынайылығы күмән тудырады. Фейктер, дипфейктер, қулық-сұмдық, түрлі теріс, әділетсіз алгоритмдер өріп жүр. Сарапшылар: «Жалған ақпараттың жолын кесу үшін әлеуметтік желі пайдаланушыларының медиасауатын жетілдіріп, фактчекиң жасауға үйрету қажет», - дейді.

Авторы: Ернат Рахметолла