Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Моңғолияға ресми сапары аясында осы елдің Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар биік және жоғары деңгейдегі, соның ішінде үкіметтік және парламентаралық сапарлармен алмасу жөнінде уағдаласты. Моңғолия Президенті Астананың Ұлан Батыр үшін маңызды стратегиялық серіктес екенін атап өтіп, саяси диалогты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді. Жиында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы бірлескен жұмыс талқыланды. Бұдан кейін Мұрат Нұртілеу Моңғолия Премьер-министрімен кездесті. Тараптар қазақ-моңғол ынтымақтастығын нығайтуға бейілділігін растап, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және басқа да салалардағы өзара іс-қимылдың нақты жолдарын талқылады.