Кеше Халықаралық Олимпиялық комитетті (ХОК) он екі жыл басқарған неміс Томас Бах ресми түрде өз орнын босатып, ұйым жетекшісі болып Зимбабве елінің өкілі Кирсти Ковентри сайланды.

Сурет: sport.kg

– Дүниежүзілік Олимпиада сарайының кілтін мен аса зор қуанышпен және ризашылықпен Кирсти Ковентри ханымның қолына табыстаймын. Ол – ХОК-тың оныншы президенті ғана емес, сонымен қатар осы бір айтулы ұйымды басқарушы тұңғыш әйел және де осындай дәрежеге жеткен Африканың да бірінші өкілі. Ол – Олимпиада құндылықтарын жастайынан бойына сііңіріп өскен жан, өзі де әйгілі спортшы. Оның жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Томас Бах қоштасу сөзінде.

Неміс спорт функционері Олимпиада қозғалысын дамыту бағытына қосқан елеулі үлесі үшін, жалпы спорт саласындағы жемісті еңбегі үшін «Олимпиада орденіне» ие болды. Ол сондай-ақ ХОК-тың құрметті президенті ретінде де қажет кезде жаңа жетекшіге бағыт беріп, ақыл-кеңесін аямайтынын мәлімдеді.

Ал ХОК-тың жаңа президенті туралы біз не білеміз?

Сурет: sportbox.ru

Кирсти Ковентри – Африканың оңтүстігіндегі Зимбабве елінің өкілі. 1983 жылдың 16 қыркүйегінде ол кезінде осы елді отарлауға қатысқан ағылшын колонистерінің ұрпағы – Роб және Линн Ковентрилердің отбасында дүниеге келді. Кирстидің ата-анасы Зимбабве астанасы Хараредегі химия компаниясына жетекшілік ететін. Олардың үйлерінің алдында үлкен хауыз (бассейн) бар еді. Кішкентай Кирсти сол хауызда суға жүзуді үйренді.

Бірақ ол жүзу спортына деген осы балалық қызығушылығының болашақта өмірін күрт өзгертетінін білген жоқ. Спорттың осы түріне деген ынта-ықыласының, ата-анасының қолдауының арқасында Кирсти Зимбабве елінің атын әлемге танытты.

Сурет: olympics.com

2004 жылғы Афина Олимпиадасында 21 жастағы Кирсти Ковентри жүзу спортынан алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін Зимбабве Олимпиялық ойындар тарихында бір ғана алтын жүлде алған болатын, ол – 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында көгалдағы хоккей жарысынан топ жарған зимбабвелік қыздар командасы еді. Бірақ бұл команда құрамында жергілікті африкалық арулар мүлде жоқ еді, хоккейшілердің бәрі дерлік баяғы отаршылар ұрпақтары – ақжүзді қыздар болатын. Көп ұзамай олардың көпшілігі тарихи отандары – Ұлыбританияға көшіп кетті де, Зимбабве спорт жанкүйерлері екіұдай сезімде қалды.

Қаршадайынан қара түсті спортшылармен тізе қоса жарыстарға қатысқан, өзін «нағыз зимбабвелікпін» деп есептейтін Кирсти Ковентридің көзақарасы басқаша болды. Терісі ақ бола тұра ол «мен африкалықпен» деген ұстанымынан еш айныған жоқ. Сондықтан оның Афинадағы теңдессіз табысы Зимбабве спортының тарихына алтын әріппен жазылардай жетістік еді. Аталмыш Африка елінің спорт әуесқойлары да Кристи Ковентриді баяғы көгалдағы хоккейшілер секілді «жартжұрттық дегионерлер» сипатында емес, «өз жұлдызымыз», «өз мақтанышымыз» деп қабылдады.

К.Ковентри тек бұл табыспен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол 2008 жылы Бейжіңде өткен Жазғы Олимпиадада да топ жарды – Зимбабве спорты тарихында Олимпиялық ойындардың қос алтынын қанжығаға бөктерер сайыпқыран енді қай уақытта шығар екен?! Бұдан бөлек ол Олимпиаданың төрт дүркін күміс жүлдесіне, бір мәрте қола медаліне де ие болған. Үш рет әлем чемпионы атанған. Яғни Зимбабве спортын әлемге таныту үшін елеулі еңбек сіңіргені анық.

Бірнеше жыл Зимбабве елінің спорт министрі, сосын Ұлттық Олимпиада комитетінің төрайымы болған Кирсти Ковентри ханымның ендігі міндеті – әлемдегі Олимпиада қозғалысының жұмысын жүйелеу, осыған дейінгі табыстарды еселеумен қатар кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеру. Спорттағы допинг мәселесі, әйелдер жарыстарындағы интерсекс дауы, төрешілердің кәсіби дайындығы мен олардың қара қылды қақ жарар әділ ұстанымнан айнымас адалдығын қамтамасыз ету секілді сан-сапалақ жұмыстар шаш-етектен. Бұған қоса Олимпиада жарыстарына әсер етпей қоймайтын саяси шиеленістер де өршіп тұр. Ресей-Украина дауы аз болғандай, былтырдан бері Израиль-Палестина, енді, міне, Израиль-Иран жанжалы да уайымға уайым қоса түскені мәлім.

«Мен бала күнімнен бері кілең ерік-жігері мықты, күшті адамдардың ортасында өстім, – дейді Кирсти Ковентри. – Әжем марқұм бастаған ісін міндетті түрде соңына дейін жеткізетін мақсаткер адам болды. Анам тіпті спортпен де айналысты. Бапкерлерім де кіл жігерлі адамдар-тын. Солардың тәлімін алған мен де алған беттен қайтпайтын, қиындыққа еш мойымайтын жанмын. Демек, қай жұмысқа да бел шеше кірісіп, белсене атқаруға дайынмын».

Бір қызығы, К.Ковентри ханымды Зимбабве халқы «Мангвенья» деп атайды екен. Жергілікті шона халқының тілінде бұл сөз «қолтырауын» деген мағына береді. ХОК-тың жаңа басшысының болмысы да осы бір өте сақ, алайда шешуші сәтте шапшаң да батыл қимылдайтын жыртқыштың мінезіне ұқсайды деседі.

Сәкен Сыбанбай