Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары тазаланып, қаланың көркі арта түсті .

Игі шараға қатысушылар «Шымсити», «Нұрсәт», «Спорт» шағын аудандарын күл-қоқыстан тазартты. Сонымен қатар «Жібек жолы» мен «Уәлиханов» көшелерінің бойында тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілді. Акция барысында қураған бұтақтар кесіліп, жасыл желекке күтім жасалды. Ирригациялық жүйелер тазаланып, судың жүруі қамтамасыз етілді. Коммуналдық қызметкерлердің жұмысына еңбек ардагерлері, ерікті жастар мен әкімдік қызметкерлері жұмыла кірісті. Экологиялық бастама қаланың барлық аудандарында жүзеге асты. «Тазалық табалдырықтан басталады» ұранымен әрбір аулаға ерекше көңіл бөлініп, тұрғындармен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылды.

Сатыбалды Әділбекұлы, Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Халықты ұйымдастыра отырып, бізден кейін де мына аулаларды таза ұстаса дейміз. «Тазалық – иманның жартысы» дейді ғой. Сол себептен ардагерлер болып сенбілікке үлес қосып жатсақ жастар соны көріп ұялады ау дейміз.

Дариха Романова, коммуналдық мекеме жұмысшысы:

- Тазалықты өзінен бастап, қоқысты бейберекет әр жерге тастап кетпей, контейнерге тастайтын қоқысты урнаға тастап кетпей тазалықты сақтайық. Хотя бы мусорды шашпаса соның өзі бізге үлкен көмек.