Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев 13-15 маусым күндері АҚШ-тың Вустер қаласында өткен WPI Annual FIRST LEGO League (FLL) (WAFFLE) халықаралық робототехника чемпионатының қатысушылары – Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті.
Tidal Tumble командасы Қазақстан атынан 108 елден келген 650 команданың арасында өнер көрсетіп, Engineering Excellence Awards номинациясы бойынша II орын, Robot Performance номинациясы бойынша VI орынды иеленді.
Жас өнертапқыштар ауадан ішуге жарамды су алуға мүмкіндік беретін құрылғы — "Agua Aeris" жобасын таныстырды. Бұл жоба қазақстандық жастардың техникалық білімінің тереңдігін және инженерлік шеберліктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Жеңімпаздарды құттықтай отырып, Н.Төреғалиев жаңа буын жаңашылдарын тәрбиелеу мен қолдаудың маңыздылығына тоқталды:
"Бүгін сіздер мыңдаған замандастарыңызға үлгі болдыңыздар. Бұл жай ғана байқаудағы жеңіс емес, бұл – ел болашағына қосылған үлес. Мемлекет басшысы атап өткендей: "Қазақстанның болашағы – интеллектуалды, креативті әрі білімді ұрпақпен тығыз байланысты. Осындай жас таланттар – біздің басты капиталымыз", — деді өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев жеті жыл бойы жеңімпаздарды дайындап, облыстың білім беру ортасына инженерлік ойлау мәдениетін енгізіп келе жатқан команданың тәлімгері Армат Мақсотовқа алғысын білдірді.
Кездесу соңында өңір басшысы қатысушыларға алғыс хаттар табыстап, оларға халықаралық деңгейде жаңа жеңістер тіледі.