Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарында шегіртке қаптады. Тұрғындардың айтуынша, зиянкестер жайылымның шөбін отап болып, енді ауылға кірген.

Бұл бейнекөріністерді аудан тұрғындары түсірген. Шегіртке әсіресе Шалқар қаласы мен Айшуақ ауылының аумағында көп. Тіпті үй ауласына дейін кіріп, бау-бақшаға да зиянын тигізіп жатыр. Мамандар улау жұмыстарын дер кезінде бастап, «АН-2» ұшағын пайдаланғанымен, түгел жоя алар емес. Өйткені соңғы тәуліктерде күн жауын-шашынды болғандықтан, жұмыс уақытша тоқтап тұр.

Арыстанбек Жәкібаев, аумақтық агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның бас маманы:

Шалқар ауданында өңделген көлемі 770 мың да 600 гектар. Оның ішінде Айшуақ пен Шалқар ауданында бүгінгі таңда өңдеу жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда ұшақ тұр сол жақта. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұр, ауа райы дұрысталғаннан кейін өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда фитосанитариялық жағдай тұрақты.

Шегірткеге қарсы жұмыс Үкімет назарында

Шегірткеге қарсы жұмыстар барысы Үкімет назарында. Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының Түркістан облысында шіркейге және үйірлі шегірткеге қарсы өңірлік жоспар әзірлеу туралы ұсынысын қолдамады. Биыл еліміз бойынша зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстарына 7,1 млрд теңге бөлініп, 2 млн гектардан аса аумақ қамтылды. Бұл шараға 440 бүрку техникасы жұмылған. Тек Түркістан облысында 372 мың гектарға жуық жер өңделген. Олжас Бектеновтің айтуынша, «Өсімдіктерді қорғау туралы» заңға сәйкес барлық іс-шаралар бюджеттен қаржыландырылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге пестицидтер құнының 50 пайызына дейін субсидиялар.

Жақсыбек Кемал