Қытайда Орталық Азия елдерінен импортталатын тауар көлемі артып келеді.

Биылғы жылдың алғашқы 5 айында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық 40 миллиард АҚШ долларына жетті.

Енді Астанадағы саммит қатысушы елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі арттырады. Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастық деңгейі қандай? Қытай халқы бұл жөнінде қандай пікірде?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда бірнеше күннен бері «Орталық Азия – Қытай» саммиті қызу талқыланып жатыр. Сарапшылар бұл кеңеске жаһандық мән беріп, БАҚ құралдары жарыса жариялауда. Бұл Астанадағы кездесудің маңыздылығын айқындап тұр.

Мұндай деңгейдегі басқосу қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да қуаттай түседі. Демек, барыс-келіс, сауда-саттық, экономикалық байланыс артады. Қазақстан Қытай мемлекеті үшін Батыс пен Орталық Азия елдеріне шығатын күре жол. Сондықтан бұған айрықша мән беріліп отыр. Қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайда еліміздің рөлі бұл тізбекте тіпті арта түсті. Бірінші кезекте Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. 2024 жылғы есепке сәйкес екі ел арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жуықтады. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 6,8 пайызға көп. Бұған шекара қақпасы ашылып, виза алынып қарқынды жүргізілген келіссөздердің арқасында қол жетті. Транзит, логистика, импорт пен экспорт көлемі артты. Теміржол арқылы жүк тасымалы рекордтық деңгейге өсті. Былтыр екі ел арасында 32 миллион тонна жүк тасымалданған. Қазір Қазақстан арқылы қатынайтын Қытай-Еуропа бағытындағы жүк пойыздарының саны артты. Транзиттің 80 пайызы біздің ел арқылы өтеді.

Лю Юньлян, жергілікті кеден қызметкері:

- Бірнеше қазақ-қытай логистикалық ынтымақтастық орталықтары іске қосылғалы Қытай-Еуропа бағытындағы жүк пойыздарының саны артты. Бүгінгі күнге дейін тек Ляньюньган арқылы 570 мыңнан астам контейнер тасымалданған. Сонымен қатар арнайы жүктерді тасымалдайтын 20-дан астам мамандандырылған жүк пойызы пайда болды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұдан бөлек жолашылар да жиі қатынайтын болды. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 50 жолаушылар рейсі тұрақты түрде қатынайды. Бейжің, Сиань, Ханчжоу, Гуанчжоу, Үрімжі қалаларына тікелей рейстер ұшады. Теміржол арқылы да қатынайтын жаңа туристік бағыт ашылды. Жолаушылар пойызы Сиань мен Алматы арасында жүреді. Демек енді Қытайға пойызбен де оңай келіп кетуге болады.

- Саяхатшылар саны қаншалықты артты? Екі ел арасындағы туризм саласының даму көрсеткіштері қандай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы орнын нығайтып келеді. Бір ғана визасыз режимнің орнауы туризмнің тынысын ашты. Барыс-келістің артқандығын айтпасада көз көріп отыр. Екі жылға жетер, жетпес уақыт ішінде көрші елден Қазақстанға саяхаттағандар саны 9 есеге артты. Мәселен, былтыр 655 мың турист барған. Еліміздегі қонақ үйлерде 145 мыңнан астам қытай туристеріне қызмет көрсетілген деген ресми мәлімет бар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көп. Енді саммиттен кейін осы және өзге де салалар серпін алады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытаймен қарым-қатынасты нығайтуға саммитке қатысушы елдің бәрі де мүдделі. Қытай да бұған ырық беріп отыр. Енді Астанадағы халықаралық жиыннан кейін талай түйін тарқап өзара қарым-қатынас қарқын алатыны сөзсіз. Оған мемлекет басшыларының қатысуы кепіл.