Алматылықтар Мемлекеттік рәміздер күнін Алатау бөктерінде атап өтті, деп хабарлайды 24KZ. «Медеу» мұз айдынында қаладағы ең үлкен ту желбіреп тұр. Бүгін қала жұртшылығы көк байрағымызды тұғырына көтеріп, әнұранды шырқады. Тұғырдың биіктігі 40 метр болса, тудың көлемі 100 шаршы метр.
Салтанатты жиынға қала әкімі, мәдениет және спорт қайраткерлері қатысты. Мыңнан аса адам жиналған патриоттық шара эстрада әртістерінің концертімен жалғасты. Әншілер «Отан», «Туған жер», «Мен Қазақпын», «Ұлы дала», «Атамекен» сынды патриоттық әндерді орындады. Ең үлкен тудың Медеуге орнатылуы тегін емес. Себебі бұл жерге Қазақстанның басқа облыстары мен шетелден туристер көп келеді.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Құрметті қазақстандықтар, қадірменді қауым. Бүгін ерекше мемлекеттік мереке – ол мемлекетіміздің рәміздер күні. Рәміз дегеніміз – ол біздің Елтаңбамыз, ол біздің әнұранымыз, ол біздің желбіреген көк туымыз.
Ермахан Ыбрайымов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:
- Енді өздеріңізге белгілі, көк туды желбірету адамға ерекше сезім береді. Патриоттық сезіміміз оянады. Елге деген сүйіспеншілік оянады. Осының бәрі біздерге күш-қуат беріп, патриоттық сезімді оятады. Сондықтан ту көтеріле берсін.