Ұлттық банк "криптокарта" жобасын және цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобаларды жүзеге асыруды бастады. Бұл туралы Ұлттық банкке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, бүгін Алматыда мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында банктер, криптобиржа мен финтех-компанияларының өкілдерімен кездесу өткен.
Кездесуде токенизация мен цифрлық активтерге негізделген инновациялық қаржылық сервистерді іске қосу жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланған. Сондай-ақ цифрлық активтерді елдің қаржы жүйесіне интеграциялау және оны реттеу ісін одан әрі дамыту мәселелері қаралған.
Жиын барысында "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында цифрлық активтер қызметін көрсететін лицензияланған провайдерлердің (криптобиржалардың) әмияндарына байланған "криптокарта" жобасын жүзеге асыру тетігі іске қосылған.
"Бұл төлем карталары тұтынушыға қолма-қол ақшасыз операцияларды орындауға мүмкіндік береді. Аталған шешім цифрлық активтердің айналымын қолданыстағы төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде біріктіруге жол ашады.
"Криптокарта" механизмі төлем операциясы жүзеге асырылған сәтте клиенттің цифрлық активтерін АХҚО криптонарығында сату арқылы олардың құнын бірден "криптокартаға" (клиенттің банк шотына байланған стандартты төлем картасы) аударуды көздейді.
Яғни, нақты төлем криптоактивтер дереу сатылғаннан кейін шынайы ақша арқылы жүргізіледі. Осылайша, төлем операциясы АХҚО-ның лицензияланған крипто-провайдері тарапындағы криптоәмиян балансының бір сәтте пайдаланылуымен жүзеге асады. Есеп айырысудың жеделдігі банк пен АХҚО крипто-провайдері арасындағы криптофиаттық интеграция есебінен қамтамасыз етіледі", — деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.
Биыл Ұлттық банктің үйлестіруімен нарық қатысушылары цифрлық активтер саласында бірқатар пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде:
- цифрлық активтер бойынша есеп айырысуда қолданылатын, ұлттық валютамен (соның ішінде цифрлық теңгемен) қамтылған стейблкоиндарды шығару;
- қаржы активтері мен жылжымайтын мүлікті токенизациялау және бағалы қағаздарға теңестірілген токендерді шығару;
- цифрлық қаржы активтерінің базалық қамтамасыз етілуін есепке алу және сақтау жүйелерін ұйымдастыру;
- криптоактивтермен айырбастау және сақтау сервистерін дамыту;
- өзге де инновациялық қаржы сервистері.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кепілсіз цифрлық активтердің айналымын кеңейтуге және цифрлық қаржы (қамтамасыз етілген) активтері үшін реттеуші база қалыптастыруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер жобасын әзірлеген.