Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер қайта жанданып отыр.
Кездесудің Екінші раунды Ыстамбұлда өткелі жатыр. Келіссөздер қай уақытта өтеді? Қандай маңызды жайттарға назар аудару керек?
Бүгінгі келіссөздер Ыстамбұлдың Чыраған сарайында өтіп жатыр. Бұған дейінгі кездесу орыны Долмабахче сарайы болған еді, бұл жолы орын ауысты. Келіссөздер жергілікті уақытпен сағат 13:00-де, яғни Астана уақытымен 15:00-де басталды. Ресей делегациясы осыдан 20 минут бұрын келіссөз алаңына жетті. Ал Украина тарапы 10 минут бұрын аяқ басын тіреді. Бұл келіссөздер — соңғы үш жылда алғаш рет нақты нәтижемен жалғасып жатқан дипломатиялық диалог. Естеріңізде болса, алғашқы раундта "1000-ға 1000" формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасу жүзеге асқан болатын. Үш күн ішінде 1800-ден астам адам үйлеріне оралды. Бұл тараптар қаншалықты қиын жағдайда болса да, диалогқа бейілді екенін көрсететін айқын белгі болды.
Бұл жолғы келіссөздерге не ерекше? Тараптар қандай құжаттарды қарастырып жатыр?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Бұл жолғы кездесудің ерекшелігі — меморандум жобасына ерекше назар аударылып отыр. Ресей тарапы Украинаға нақты ұсыныстарын қамтыған құжатты тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен, Мәскеу бұл құжаттың мазмұнын әзірге жария етпей отыр. Ал украиналық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Киев дайындаған жоба атысты тоқтату, яғни құрлықта, теңізде және әуеде қақтығысты доғару туралы тармақтарды қамтиды. Сондай-ақ халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мониторинг жүйесін құру мәселесі де бар. Делегация құрамдары да кеңейтілген: Украина тарапын Қорғаныс министрі Рустем Умеров, ал Ресей делегациясын Владимир Мединский бастап келді. Сарапшылар бұл келіссөздерді тек қақтығысты тоқтатуға емес, жалпы халықаралық тұрақтылыққа әсер ететін маңызды кезең ретінде бағалап отыр. Мыңдаған отбасының тағдыры осы келіссөздердің нәтижесіне тәуелді. Егер келісімге толық қол жетпесе де, диалогтың жалғасуының өзі үлкен жетістік. Ал Түркияның бейбітшілік жолындағы араағайын ролі бұл үдерісті жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Біз келіссөздердің барысын бақылап, барлық соңғы жаңалықтарды өздеріңізге жеткізіп отырамыз.