«Тарбағатай» ұлттық паркінде бұрын-соңды зерттелмеген өсімдік түрлері мен жәндіктер анықталды.

Кейінгі жылдары өсімдіктің жаңа 14 түрі табылған. Бұл ғалымдар мен биологтар үшін үлкен жаңалық, дейді қорық қызметкерлері.

Бүгінде парк аумағында өсімдіктің бір жарым мыңнан астам, ал балықтың шамамаен 20 түрі бар. Құстың 270-ке жуық түрі мекендейді. Оның ішінде қызыл кітапқа енгендері де бар.

Солардың бірі Сиверс алма ағашы. Әдетте ол биік таулы аймақтардағы ерекше климаттық жағдайға бейімделген. Суыққа төзімді. Сирек кездесетін өсімдік еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Бүгінде жабайы алма ағашын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Баян Садақова, «Тарбағатай» ұлттық паркінің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы:

- Бүкіл әлем Сиверс алма ағашын, осы жабайы алма ағашты барлық мәдени алмалардың арғы атасы деп есептейді. Қазіргі кезде бұл Тарбағатай ұлттық паркінің және Тарбағатай тауында екі-ақ пайызды ғана құрап отыр. Сондықтан біздің бірінші міндетіміз оны сақтап қалу.Келер ұрпаққа сақтап қалу және қалпына келтіру.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Тарбағатай ұлттық паркінде ағаш-тал мен өсімдіктің 1640 түрі өседі. Оның 35 -і қызыл кітапқа енген. Соның ішінде Сиверс алма ағашы да бар. Парк аумағында жүздеген жеміс ағашы жайқалып тұр. Оларды 4 адам ауысым бойынша күтіп баптайды.

Баян Садақова ұлттық қорық ашылған кезден бері еңбек етеді. Орман қорының есебін жүргізіп, табиғат шежіресін түзіп отырады. Тәжірибелі маман қазір қызыл кітапқа енген жануарлар саны артқанын айтады. Мәселен бес жыл бұрын аумақта 47 Тянь-Шань қоңыр аюы болған. Биыл олардың саны екі есеге көбейген. Соңғы үш жылда бұрын зерттелмеген 14 өсімдік пен бір шыбынның жаңа түрі табылды.

Баян Садақова, «Тарбағатай» ұлттық паркінің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы:

- Жаңылхан деген жаңа шыбын табылды. Қарабас тауында, бізде тау бар. Тарбағатай ұлттық паркі негізінен 6 кластерлік аумаққа бөлінген. Ол Тарбағай, Қарабас, Арқалы таулары және үш өзеннің аңғары. Жаңылхан Қабиевна деген кісі жұмыс істеді.Сондай еңбекқор, жанашырлығына қарап ғалым сол кісінің атын қойып кетті.

Паркте үш туристік бағыт жұмыс істейді.Олар «Әлет», «Әлемді» және «Кусак». Бүгінде екі аймақ толық абаттандырылған. Табиғат қорғаушылары парк аумағында туризмді одан әрі дамытуға ниетті.

Айдын Серкебаев, «Тарбағатай» ұлттық паркінің директоры:

- Туристерді тарту мәселесі ол қазір негізгі мәселе болып тұр. Енді бұл жөнінде де тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Қазір мынау шет елдік туристерді тарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мақаншы ауданында Алакөл көліміз орналасқан. Сол көлге келген туристердің тауға келіп демалып кетуіне де жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Абай облысындағы «Тарбағатай» ұлттық паркіне соңғы үш жылда мыңнан астам турист келген. Алдағы жылдары олардың санын көбейту көзделіп отыр. Ұлттық парк басшылығы енді туристік компаниялармен келісімшарт жасауға ниетті.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы