Таяу Шығыста ахуал ушыққан кезде Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жұмсалған шығындардың жалпы сомасын анықтау мүмкін емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан Республикасының азаматтарын ауқымды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Эскалация басталған сәттен бастап уәкілетті органдардың жәрдемімен қақтығыс орындарынан елімізге 66 рейс ұйымдастырылды, оның ішінде 27 рейстің шығыны республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін болады. Қалған 39 коммерциялық рейске билеттерді азаматтар өздері сатып алды. Коммерциялық рейстерді басқа елдердің де әуе компаниялары орындағанын ескерсек, эвакуацияға жұмсалған шығындардың жалпы сомасын анықтау мүмкін емес, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, жалпы дағдарыс жағдайларына жедел әрекет ету мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтарын эвакуациялау іс-шараларын ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегі құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы бойынша қаражат қарастырылған.
«Туристік Қамқор» қоры Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі саналады.
— Ұйымдастырылған туристер — бұл Кепілдендіру жүйесіне қатысушы туроператорлардан тур сатып алған, туристік код берілетін тұлғалар. Туристік код туристің Кепілдендіру жүйесі аясында қорғалатынын растайды. Таяу Шығыс аумағындағы жағдай ушыққан кезде онда туристік коды бар Қазақстан Республикасының 4 000-ге жуық ұйымдастырылған турисі болған. Жүйе әкімшісі туроператорлармен бірлесіп шамамен 3 000 (үш мың) ұйымдастырылған туристі орналастыру орындарымен қамтамасыз етіп, тамақтандырды. Сонымен қатар оларды кейін эвакуациялық және репатриациялық рейстермен жөнелту үшін әуежайларға жеткізу мәселесі үйлестірілді, — деді ол.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Премьер-министр Олжас Бектеновтен Ирандағы әскери операциялар кезінде Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандық туристерді елге әкелу бюджетке қанша шығын әкелгенін сұрап, сауал жолдаған еді.