Қарулы күштердің әскери авиациялық базаларында қазақтың ұлы перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауқымды оқу-жаттығу ұшулары өтті. Басты ерекшелігі – әуе кемелерінің Астана, Тараз, Балқаш, Жетіген, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған, Ақтау қалаларындағы әскери әуеайлақтардан бір мезетте көкке көтерілуі болды, деп жазады Egemen.kz.
Жеке құрам даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Батырдың 115 жылдығына орай ұшуларды басқару пунктінде Волоколамск түбіндегі шайқасқа қатысқан жауынгердің өмір жолы мен ерлік істеріне арналған естелік бұрыш безендірілді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшуларға С-295, Су-30СМ, Су-27, Л-39С ұшақтары, Ми-17, Ми-35, Ми-171 тікұшақтары, сондай-ақ ANKA ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Оқу-жаттығу ұшулары штаттық режимде өтіп, қойылған барлық міндеттер толық көлемде орындалды.
«Бұл ұшуларға қатысу – әрбір әскери ұшқыш үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Оқу-жаттығу сабақтарын Бауыржан Момышұлының есімімен байланыстыра отырып, біз оның Отан алдындағы еңбегіне терең құрметімізді білдірдік. Оның өмірлік қағидалары мен адамгершілік өсиеттері әскери қызметшілер үшін рухани бағдар мен моральдық тірек», деді Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары полковник Медет Әскетаев.
Еске салайық, қазір Ұлттық ұлан қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеп жүр.