Қазақстан мұнай экспорты үшін жаңа бағыттарды айқындап келеді.

Әлемдегі геосаяси шиеленістер артқан кезде мұның маңызы зор. Ұлттық оператор халықаралық жүк жөнелтушілермен қандай келісім жасап жатыр?

Қашаған мұнайы Қытайға бағыт алды

Әлемдегі геосаяси шиеленіс салдарынан Каспий құбыр консорциумының зақымдалуы қазақстандық мұнай экспортының жылдық жоспарына кері әсер еткен жоқ. Энергетика министрлігі осындай ресми мәлімдеме жасады. Ведомство мамандарының айтуынша, дәл осы құбыр желісі арқылы биыл 57 млн тонна шикізат тасымалдау көзделген. Дегенмен, 11 айдың ішінде экспортталған тауар көлемі бұл межеден асып, 68 млн тоннаға дейін жеткен. Қазір Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау көлемі шектеліп, балама бағыттар қарастырылды. Соның негізінде Қашаған мұнайы Қытайға қарай бағытталды. Сонымен қатар "Атырау-Самара" желісі арқылы тасымал көлемі ұлғайған.

ЦИТАТА: ҚР Энергетика министрлігі

- Каспий құбыр консорциумы – Қазақстанның негізгі экспорттық жолы. Оған толыққанды балама жоқ. Соған қарамастан қосымша маршруттар пайдаланылды. Атап айтқанда, Қашаған кен орнынан өндірілген мұнайды қоса алғанда, бірқатар көлем техникалық қажеттілік пен акционерлер арасындағы коммерциялық келісімдерге сәйкес, «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбыры арқылы шұғыл түрде Қытай Халық Республикасына бағытталды.

Өндіріс көлемі уақытша қысқартылды

Каспий құбыр консорциумына шабуыл салдарынан Қазақстан 4 млн тонна мұнайынан айырылды. Әлеуметтік желіде осындай бейресми ақпарат тарады. Алайда Энергетика министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып отыр. Ведомствоның хабарлауынша, мұнай өндіру көлемі 480 мың тоннаға уақытша қысқартылған.

ЦИТАТА: ҚР Энергетика министрлігі

- Бұл жөндеу кезінде қоймалар толып қалмауы үшін қолданылған технологиялық тұрғыдан қажетті шара. Аталған көлем жоғалған деп қарастырылмайды және терминал штаттық режимде жұмысын қайта бастағаннан кейін қосымша жүктеме арқылы толықтай өтеледі. Қазіргі сәтте түзетулердің бюджетке әсерін бағалауға ерте, өйткені мұнай компаниялардың активінде сақталып тұр және логистика қалпына келгеннен кейін сатылымға шығарылады.

Зақымдалған инфрақұрылым жөнделіп жатыр

Зақымдалған мұнай инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанға дейін созылуы мүмкін. Содан кейін мұнай тасымалы қалыпты режимге оралады. Айта кету керек, елдегі қара алтын экспортының 80 пайызы дәл осы құбыр арқылы өтеді. Экспортпен 3 ірі компания айналысады. Ал қалғаны ішкі нарықты қамтамасыз етіп жатыр. Жылына шамамен 90 млн тоннадан астам мұнай өндіріледі.

Айбар Олжай, экономист:

- Оның 67-68 млн тоннасы сыртқа кетеді. Қалғаны 30 млн тоннадай өзіміздің ішкі қажеттілігімізге жаратады. Соңғы жылдары біз осы мұнайдан шыққан ілеспе газбен айналысқымыз келеді. Өйткені мұнаймен бірге ілеспе газ шығады. Соны айырып, содан газ жасап, ол газдан түрлі мұнай химиясы өнімдерін жасағымыз келеді.

Экспорт келісім-шарттары бұзылмайды

Экспорт келісім-шарттары бұзылмайды. Салада меншікті ауыстыру немесе акцияларды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілмейді. Ірі жобаларға қатысушы операторлардың қызметіне қауіп төніп тұрған жоқ. Энергетика министрлігі ресми мәлімдемені осылай түйіндеді. Айта кетерлігі, қазір еліміз мұнай экспорты бойынша логистиканы дамытып келеді. Шығыста Қытайға Атасу- Алашонкоу құбыры арқылы, одан батысқа Каспий арқылы Әзербайжанға жөнелте аламыз. Болашақта Түркіменстан, Иран арқылы үнді мұхитына шығу жоспары да іске асуы ықтимал.