Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жиында болашақ бір палаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ азаматтардың е-Otinish және E-gov платформалары арқылы келіп түскен бастамалары қаралды. Отырыста жаңа Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, саны мен сапалық құрамы, өкілеттілік мерзімі және квотаға қатысты тәсілдер сараланды. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардан жинақталған ұсыныстар негізінде әзірленген жалпы тәсілдер туралы айтты.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- 15 қарашаға дейін белгіленген мерзім ішінде жұмыс тобының мүшелері және 6 партия атынан парламенттік реформа мәселесі бойынша арнайы ұсыныстар келіп түсті. Келіп түскен ұсыныстарды үш категорияға бөлдік. Саяси партияларпдың ұсыныстарын бөлек жұмыс тобы мен Е-өтініш, Е-гов порталдары арқылы түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Мемлекет басшысы жұмыс тобы аясында жинақталған бастамаларды жан-жақты қарастыруды және парламенттік жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмыс тобының басты міндеті.

Парламентаризм Институтының директоры Наталья Пан азаматтар мен сарапшылардан және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстары туралы ақпарат берді.

Наталья Пан, парламентаризм институтының директоры:

- Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшелері құнды сараптамалық ұсыныстар жасады. Онда Парламентті қалыптастыру, оның жұмысын ұйымдастыру, заңнамалық тетіктерін жақсарту сынды ұсыныстар бар. Мұның бәрі егжей-тегжейлі талқылауды қажет етеді. Азаматтар, сарапшылар және қоғамдық бірлестіктер жоғары заң шығарушы органның тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды ұсынады. Келіп түскен ұсыныстардың барлығын парламентаризм институты талдап, жіктейді және алдағы уақытта жұмыс тобының қарауына ұсынатын болады.

Жұмыс тобының мүшелері парламенттік реформаны іске асырудың ұсынылған тәсілдерін егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ келіп түскен ұсыныстар бойынша пікір алмасты. Отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен дәлелдерді қорытындылау және мұқият талдау туралы шешім қабылданды. Парламенттік реформаны жүргізудің негізгі тәсілдерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының келесі отырыстарында жалғастырылатын болады.