Әйгілі академик Әлкей Марғұланның «Қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» деген пайымын байыптасақ, еліміз үшін ұлттық ерекшелік қашанда басты орында екені айқындала түседі.
Ұлттық киім – ұлттың мәдени коды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», деп баса айтқаны мәлім.
Қазақтың ұлттық киімдері – этнографиялық ерекшеліктің бірегей үлгісі. Шапан, қамзол, кимешек, сәукеле, бешпет, тон секілді киімдердің әрқайсысы ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік құндылығын, салт-дәстүр мен өнер тәжірибесін қалтқысыз сақтап келеді. Этнограф Сейітқали Қарамендиннің сөзімен айтсақ: «Қазақ ұлттық киімінің әрбір оюы – шежіре. Ол тек әшекей емес, ұрпақты тәрбиелеудің, дүниетанымды білдірудің құралы. Мұндай мәдени кодты жоғалту – халықтың рухани тамырынан үзілуімен тең».
Ал XXI ғасыр – мәдениеттер тоғысып, бір-біріне ықпал ететін, стильдер мен құндылықтар шекарасы жойылып келе жатқан кезең. Осындай жаһандық үдерістің ортасында ұлттық киім мәдениетін сақтап қана қоймай, оны күнделікті өмірге, сән индустриясы мен халықаралық кеңістікке бейімдеу – ел болашағы үшін маңызды стратегиялық мәселе. Себебі ұлттық киім – тек сәндік элемент емес, тарихи жады, этностық код, рухани мұра мен әлеуметтік болмыстың тұтас көрінісі.
Еліміз кейінгі жылдары ұлттық брендті дамытуды мемлекеттік деңгейде күн тәртібіне шығарып отыр. Сән апталықтарында, халықаралық көрмелерде, жастар арасында ұлттық ою-өрнек пен этностильге қызығушылық артып келеді. Өйткені қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық мәдениетке тән визуалды кодтардың сақталуы мен жаңғыруы маңызды мәселелердің біріне айналды. Осының әсері болса керек, қазақ қоғамы кейінгі жылдары өзінің мәдени тамырын жаңаша түсінуге, ұлттық болмысын күнделікті өмір сүру дағдысына бейімдеуге айрықша назар аударып келеді. Соның ішінде ең қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі – ұлттық стильдегі киімді заманауи сән индустриясына енгізу һәм оны күнделікті тұрмысқа бейімдеу тәжірибесі. Бұл құбылыс тек сәндік үрдіс емес, тұтас бір мәдени кодтың жаңғыруы, ұлттық даралықты қалыптастырудың заманауи формасы десек, артық айтқандық емес. Ал ұлттық стиль дегеніміз – тек дәстүрлі киімнің жаңғырығы ғана емес, экономика мен мәдени дипломатияның жаңа құралы, заманауи эстетика мен тарихи мұраның тоғысқан аймағы.
Этностильдің жаңа кеңістігі
Жоғарыда келтірілген түрлі фактор әсер етсе керек, еліміздегі сән индустриясы кейінгі жылдары жаңа кезеңге қадам басты. Бұл өзгеріс тек музейлер мен театр сахналарында ғана емес, күнделікті өмірімізде де анық сезіледі. Бір кездегі тек мерекелік іс-шараларда ғана киілетін қамзол, шапан, тақия бүгінде заманауи бейнелердің сәндік элементіне айналды. Мәдениеттанушы, этнограф Тәттігүл Қаратаева аталған қоғамдық құбылысты былай түсіндіреді:
«Ұлттық киім – өткеннің жәдігері емес. Ол – ұлттың өзін таныту тәсілі. Стильдік элементтер заманға икемделгенде оның өміршеңдігі артады. Бүгінгі жастар ұлттық нақышты әшекей ретінде емес, өзіндік ерекшелік, даралығының бір бөлігі ретінде қабылдай бастады», дейді зерттеуші. Ғалымның пікірінше, ұлттық стильді ілгерілету – тек мәдени тренд емес, сонымен бірге экономикалық, имидждік әрі рухани құндылықтарды біріктіретін стратегиялық бағыт. Сондықтан ұлттық киімді күнделікті өмірге енгізу – сән мен мәдениеттің шынайы синтезі, ал оны насихаттау – ұлттың көркемдік тілін келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.
Ғалым пікірі отандық дизайнер Аида Қауменованың да ойымен ұштасты. Ұлттық киімдерді заманауи стильде ұсынып жүрген сән сұлуының сараптауынша, қазақтың дәстүрлі киіміндегі ою-өрнек, түстер үйлесімі, силуэттер – қазіргі трендтерге дәл келетін бейнелік және пластикалық мүмкіндіктерге бай. Бүгінгі дизайнерлер этнографиялық элементтерді толық қайталамай, ыңғайлылық пен минимализм қағидаттарын сақтай отырып жаңа өнімдер ұсынып жүр.
«Қазіргі отандық сән индустриясында «ұлттық стиль» тек этнографиялық көшірме емес, ол – жаңаша жасалған дизайнерлік тұжырым. Қамзолдың жеңіл, қысқа, oversize нұсқасы, оюлы худи, минималистік кестеленген көйлек – осының бәрі жаңа буын таңдауы. Бүгінде қамзол немесе шапанды тек тойда киетін дәстүрлі пішінде қалдыру дұрыс емес. Біз оның формасын, матасын, фасонын жеңілдетіп, заманауи әйелдің күнделікті киіміне сәйкестендіреміз. Бұл – ұлттық кодты тұтынудың жаңаша үлгісі», дейді дизайнер Аида Қауменова.
Ерлер стиліне жаңашылдық енгізген дизайнер Сәкен Жақсыбаев та жастардың тамырына қайта оралып жатқанын айрықша мақтанышпен атап өтті: «Urban fashion мен street style-ға ұлттық элементті енгізу – тренд емес, бұл – жастардың өзін-өзі тану үрдісі. Жігіттер оюлы жемпір, шапан-жакет киюден ұялмайды. Бұл өте қуантады», дейді сәнгер.
Ұлттық киім – заман сұранысы
Шынымен де қазір көптің арасынан шапан киіп шалқып, қамзол киіп құлпырған жұрттың көркі алыстан көз тойдырады. Тіпті кейінгі бірнеше жылда қыздар қауымы арасында оқалы тақия трендке айналып, келісті сән үлгісі біраз бұрымдының ажарын асырып жібергені рас. Қалай десек те қазақылық қанында бар халықтың көркі ұлттық киімдермен тіпті құлпыра түскендей. Күн санап ұлттық киімді күнделікті қолданысқа лайықтап тігуге талпынып жүрген этнодизайнерлердің қатары көбейіп келеді. Соның нәтижесінде олар тек Наурызда ғана киетін атрибуттан той-томалақта тұтынатын образға ойысып еді, қазір күнделікті сән үлгісі санатына көшіп үлгерді. Оған ұлттық киім өндірушілерінің ою-өрнек бедерленген киімді кеңседе, көшеде киіп жүруге ыңғайлы, жеңіл етіп ұсынып жатқаны да септесіп отыр.
Қуантарлығы, қазіргі қазақ дизайнерлері отандық үлгі элементтерін сол күйінде көшірмей, этнографиялық негізде заманауи тұрмысқа бейімдеп ұсынады, яғни этнографиялық деректерді негізге ала отырып, ұлттық нақышты заманауи тұрмыстың талабына бейімдеп, функционалды, ықшам, күнделікті қолдануға ыңғайлы жаңа силуэттер ұсынып, ұлттық киімнің дәстүрлі формаларының жаңаша тыныс алуына жол ашып отыр. Мәселен, қамзолдың қысқа, ұзартылған немесе oversize үлгілері жастар арасында ерекше сұранысқа ие. Ерлерге арналған классикалық шапан – жеңіл жакет, көктемгі пальто немесе streetwear бағытындағы сырт киім ретінде қайта жасалып отыр. Бешпенттің жеңіл нұсқалары, күнделікті тағуға арналған стильді тақиялар, сырма-жағалы пальтолар – ұлттық бейнені бүгінгі сәнмен үйлестіретін жаңашыл формалар. Сонымен қатар «қошқармүйіз», «сыңармүйіз» секілді оюлар минималистік графикаға айналып, жастар стиліне бейімделді. 3D-принтинг, диджитал-ою, AR-визуализация секілді цифрлық технологиялар ұлттық киімді жаңаша дәрежеге көтерді. Бұл өзгерістер қазақ киімінің тек той-думанда емес, күнделікті өмірде де өз орнын таба бастағанын көрсетеді. Оны дизайнер Айгүл Қасымованың: «Ұлттық киім күнделікті өмірге енуі үшін оны ауыр етіп емес, жеңіл, ыңғайлы, қарапайым қалпында ұсыну керек. Бүгінгі тұтынушыға сән мен ыңғайлылықтың қатар тұруы маңызды» деген пікірі қуаттай түседі.
Десе де, ұлттық стильдің трансформациясы мамандар арасында да пікірталас тудырып отыр. Мәселен, этнограф Айнұр Ғалымқызы киімді тым модерндеу дәстүрлі мағынадан алыстатуы мүмкін деп санайды: «Ою-өрнектің әрқайсысының мағынасы бар. Бүгінгі сән индустриясында олар кейде декоративті белгіге айналып кетеді. Бұл – мәдени семантиканың жоғалу қаупін тудырады», дейді ол. Ұлттық киімге қатысты ғалымның тағы бір көңіл толмайтын тұсы бар екен. Оны да бүкпесіз ортаға салды: «Қазақтың әр киімінің өз орнымен, жыныс және жас ерекшелігімен киетін талабы, тәртібі бар, қазір ол тәртіп мүлдем сақталмайды десек те болады. Үлкен әйелдер жас қыздардың тақиясын кисе, жас қыздарымыз кимешек киіп алады, ол кимешектер де театрланған түрде ғана дәріптеліп жатыр. Сонымен қатар тігілу ерекшеліктері, дұрыс пішу жолдары жағынан да ақсап тұр. Қатты қынжылатын жайт, барлық біз киіп жүрген киімімізді қырғыз бен қытай тігіп жатыр. Өзіміздің елде осындай көлемде барлық талапқа сай етіп тігілсе және соған жағдай жасалса керемет болар еді, деді этнограф. Ал мәдениеттанушы Олжас Бекмұратов болса: «Ұлттық стиль – бұл идеологияның бұйрығымен емес, халықтың ішкі қажеттілігінен пайда болған құбылыс. Әсіресе жастардың бұл бағытқа қызығушылығы – төл мәдениеттің табиғи жаңғыруының белгісі», дейді.
Жастар неге ұлттық стильге бет бұрды?
Біріншіден, даралықты іздеу, яғни жаһандану заманында бәрі ұқсас стильге енген кезде ұлттық оюды ең ерекше айырым белгісі десек, қателеспейміз. Екіншіден, әсем әрі қолайлы. Себебі қазіргі қамзол, бешпеттердің салмағы жеңіл, матасы жұмсақ, формасы күнделікті өмірге бейім. Үшіншіден, сәнді. Дизайнерлердің пікіріне сүйенсек, ұлттық элемент дүниежүзілік сән трендтеріне әбден сай келеді. Оны тіпті француз сән сарапшысы Катрин Лефевр де мойындап: «Қазақ оюларының геометриялық дәлдігі мен нәзік үйлесімі әлемдік сәнге жаңа бағыт береді. Бұл эстетика өзіндік даралыққа ие», деп таңдай қаққан болатын.
Кейінгі бірнеше жылдағы әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, 2022 жылы жастардың 21%-ы этностильді күнделікті өмірде қолданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға дейін өскен. 18–35 жас аралығындағы топтың 65%-ы «ұлттық нақыш заманауи сәнмен үйлеседі» деп санайды. Бұл – ұлттық стильдің қайта жаңғырып, жаңа буынның сұранысына айналғанын көрсетеді.
Халық сұранысына сай сондай сапалы киім ұсынып, көптің батасын алып жүрген талғампаз суреткердің бірі – Тәрбия Айдымбаева. Ол – отандық ұлттық киім брендін қалыптастыруда оюды моншақпен көмкерген, одан қала берді заманауи ұлттық киім үлгілеріне ою-өрнекті принт арқылы басу ісін бастаған алғашқы дизайнер. Тәрбияның талғаммен тігілген сәнді киімін киіп, маңайына сұлулық сыйлап жүрген көптің арасынан жақсы мен жайсаңды жиі көреміз. Оның айқын бір мысалы – Димаш Құдайберген сынды танымал өнер иелері «Tarbiya Ulttyq kıim» сән үйінің шапанын киіп, әлемдік сахналарда ән шырқап жүр. Айтыскер ақындардың ажарын ашқан сәнді киімдердің көпшілігі де – осы Тәрбия ханымның төл туындысы.
«Мен өз жұмысыма, шығармашылығыма «көне мен жаңаның тоғысуы» деп анықтама беремін. Неге? Өйткені әрбір киім үлкен ізденіс, тарихи терең білімге негізделіп тігіледі. Сөйте тұра көне стильде, ескі сарында қалып қоймай, оны бүгінгі заманға сай, күнделікті қолданысқа ыңғайлы етіп жасауды да қаперден шығармаймыз. Жеңіл принтті жасалған ою-өрнектер әлемдік трендтерге лайықты болғандықтан, сол арқылы ұлттық киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу жеңілірек екендігін ескеріп, болмыс пен заманды ұтымды үйлестіруге ұмтылып келеміз. Бүгінгі заман талабына сай сәнді киімдер тігуге басымдық беріп жүрміз. Бағасын да нарыққа сай ұстауға тырысамыз. Біздің киімдерді қалта көтереді. Шүкір, қазір ұлттық киімдерге деген сұраныс жоғары. Мені сол қуантады. Табысым жүреді дегендіктен емес, қазақтың өзінің табиғатына, құндылығына жақындап келе жатқандығына жаным жадырайды. Себебі ұлттық киім – төл мәдениетіміздің айнасы. Қазақтың қанында табиғи, жоғары талғам бар. Дүкенге келушілердің таңдауынан осыны оңай аңғарамын. Ұлттық киімді киіп шыққанда адам жігерленеді. Себебі ол – өзінің тарихы, бет-бейнесі, ата-бабадан қалған мұрасы, төл табиғаты. Біз оны сол миссиясына жеткізу үшін еңбектенеміз. Талғамына, түр-сипатына сай ұлттық киім таңдап беру, ұсыну – міндетіміз, дейді дизайнер.
Жалпы, ақпарат көздеріндегі былтырғы жүргізілген сауалнама дерегіне көз жүгіртсек, халықтың 72%-ы «ұлттық стильді қолдаймын» деп жауап берген, оның 44%-ы «жұмысқа ұлттық элементі бар киіммен келуге дайын», 31%-ы «ұлттық стильдегі киімдер әлі де қымбат» деп есептесе, 67%-ы «ұлттық киім кию – патриотизм белгісі» деп санайды. Бұл көрсеткіштер – ұлттық киімге қоғамда сұраныстың жоғары екеніндігінің айғағы.
Рухани иммунитет
Иә, ұлттық стильдің тек сахнада емес, қала көшелерінде көрінуі – мәдени кодтың тірі екенін дәлелдейді. Әр халық өзінің салтына сай киім киюді күнделікті әдетке айналдырса, сол елдің рухани иммунитеті күшейеді. Оның әлемдік тәжірибедегі жарқын мысалы – Жапония мен Корея, Қытай мемлекеттері. Жапонияның кимоносы, Кореяның ханбогы, Қытайдың шэнфу үлгілері бүгінде әлемдік сән индустриясында ұлттық бренд ретінде айқын орнығып үлгерді. Сол секілді отандық брендті әлемдік деңгейде насихаттау – заман сұранысы. Себебі әлем елдері ұлттық стиль арқылы туризмді дамытады, мәдени дипломатияны алға тартады, шығармашылық индустриясын кеңейтеді, экономикалық табысқа қол жеткізеді.
Осы талап тұрғысынан келгенде, Қазақ елінің де бұл бағыттағы әлеуеті жоғары. Мәселен, кейінгі үш жылда еліміздің атынан 25 дизайнер халықаралық сән апталықтарына қатысып, этностильдегі 300-ден астам өнім шетел нарығына шыққан. Сонымен қатар ұлттық оюлары бар спорттық киімдер Германия, Түркия, Корея нарығында сатылымға түскен. Бұл – ұлттық стильдің жаһандық бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
Ұлттық киім тек қана сән емес, бұл – қоғамның өз мәдени тамырына қайта оралуы, тарихи жадының жаңғыруы, ұлттық болмысты заманауи формада танытуы. Демек бүгінгі қамзол – өткеннің көшірмесі емес, болашаққа бағытталған жаңа эстетика. Ал қазіргі дизайнерлердің жұмысы – ұлттық киімді заман талабына лайықтап қайта түсіндіру ғана емес, оның рухани мәнін жаңа буынға жеткізу. Дәстүр мен технология, ою мен минимализм, табиғи маталар мен цифрлық шешімдердің үйлесімі – ұлттық өнердің үзілмей, жаңа сипатпен жалғасып келе жатқанын дәлелдейді. Сондықтан да ұлттық киім – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі сәннің бедерін айқындап тұрған маңызды мәдени белгісі де. Оны жаңғырту – ұлттық сананың жаңаруы.