Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт іске қосылғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырды.
"Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады", — дейді діни басқарма өкілдері.
Айта кетейік, қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.
"Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға SMS-хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі", — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 28 мамырда һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді. 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.