Бүгінде шетелде білім алып, кәсіби тәжірибеден өткен қазақ жастарының саны жетіп артылады. Бірі – мем­лекеттің «Болашақ» бағдарламасы арқылы, енді бірі – табандылығы мен өз қаражатына сүйе­ніп қанат қақты. Осы азамат­тардың арасында жиған-терген ой қазынасын туған елдің өркендеуіне жұмсаймын деп саналы түрде оралғандар бар.

Көштен қалмаймыз десек...

а

Шетелде білім алып, бүгінде өз тәжірибесін ел игілігіне жұмсап жүрген кейіпкеріміз – Жақсылық Нұрен. Ол отандық медициналық стартап «Cerebra» компаниясында жасанды интеллект инженері болып еңбек етеді. Онда жас маман инсульт алған науқастардың ми томографиясын талдап, автоматты түрде ауру ошағын тауып, белгілеумен айналысады.

– Инсульт кезінде әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Науқастың өмірі мен неврологиялық зақым деңгейі диагноздың жылдам қойылуына тікелей байланыс­ты. Операция алдында хирург инсульт ошағының нақты орнын және зақым көлемін білуі қажет, ол үшін пациент алдымен компьютерлік томография­дан өтеді. Әдетте, алынған КТ суреттерін радиолог дәрігер­лер қарап шығып, зақымданған аймақты белгілейді. Алай­да елі­мізде радиологтердің тап­шылығы мен жүктемесінің көптігі бұл үдерісті баяулатып тұр. Міне, дәл осы мәселені шешу мақсатында компания жасанды интеллект технологиясын енгізіп, КТ кескіндерін автоматты түрде талдайтын модельдер әзір­леуде. Жүйе инсульттің бар-жоғын, оның орналасуын және зақым шамасын анықтап, мәліметті бірден хирургтерге жібереді. Бұл шешім диаг­ностика уақытын бірнеше есе қысқартып, науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады. Одан бөлек, мен көзге жасалатын оталардың бейнежазбаларын талдап, хирур­гия­лық құралдарды автоматты түр­де анықтайтын және хирург шеберлігін бағалайтын AI модель­дерімен де жұмыс істедім. Бір жағынан мұндай жүйе­лер инструменттердің адам ағзасымен өзара әрекеттесуінен ота жасаушы маманның науқас­қа қаншалықты зақым тигізге­нін және науқастың оңалту уақы­тының ұзақтығын болжауға жол ашады. Әрі медицина сала­сы­ның сапасын арттыруға және бола­шақ дәрігерлерді оқы­туда әдіс-тәсілді визуалды түрде көр­сетуге көмектеді, – дейді Ж.Нұрен.

Жас маманның технология әлеміне деген қызығушылығы бала кезден басталған. Әкесі информатика пәнінің мұғалімі бол­ғандықтан, компьютерге ерекше әуестенген. Математика мен логикаға деген ықыласы оны бағ­дарламашы болуға жетелеген.

– Бұл бағыттағы алғашқы маңызды қадамым – 2013 жылы Тараз қаласындағы жаңадан ашыл­ған Назарбаев зияткерлік мек­тебіне түсуім. Өйткені оқу орны дүниетанымымды түбегейлі өзгертті. Білім ошағы ұсынған мүмкіндік арқылы алғаш рет шетелге шығып, Син­­гапурда ағылшын тілін же­тілдірдім. Дәл осы сапар шетел­дегі білім мен мәдениетке де­ген қызығушылығымды оятты. Кейін Назарбаев университетін­де «Компьютерлік ғылымдар» маман­­дығын тәмамдап, Абу-Дабидегі «Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence»-де «Жасанды интеллект» бағы­тында магистрату­раны сәтті аяқ­тадым. Өзге мемлекетте шыңдалуым тәуелсіз зерттеуші ретінде қалыптастырды. Яғни бұл кезең дайын білімді қабыл­дау­дан жаңа идеяларды іздеп, ғылыми бағытта өз бетімше әре­кет етуіме себепші болды. Ғалым­ның мақсаты – тек қазіргі үдерісті бақылау емес, болашақ теориялар мен технологияларды зерттеу. Осы тұрғыда менің ізденісімнің өзегі – адамзатты күтіп тұрған технологиялық өзгерістерді түсіну, оны қауіпсіз әрі оңтайлы түрде дамыту жолын табу. Қазір Германияға докторантураға түсуге әзірленіп жатырмын, – дейді ол.

Зерттеуші елдегі білімнің іргесі мықты екенін айтады. Оның айтуынша, НЗМ, БИЛ, түрлі физмат мектептері нақты нәтиже көрсетіп отыр. Түлектерінің басым көпшілігі қазір әлемдегі белді университеттерде оқып, «Meta», «Google», «Amazon» секілді компанияларда жұмыс істейді. Жас маман дамыған ел мәртебесіне жетеміз десек, осындай білім ордаларының санын арттыру қажет дегенді алға тартады.

Сондай-ақ ол цифрлық дәуір­де жастарға ең алдымен қар­жылық сауат және жылдам үй­рену дағдыларын дамыту керек екенін айтты. Болашақта жасанды интеллект компьютерлік сауаттылықтың базалық дағдысы болып қалатынын, сондықтан тек қолданушы емес, технологияның ішкі логикасын түсінетін маман болуға ұмтылу қажет дейді.

– Қазақ жастарының әлеуеті жоғары, ал сапалы білім беру мен қолдау жүйесі бұл мүмкіндікті еселей түседі. Мектеп пен университеттерде оларды ғылыми жобалар мен халықаралық кон­ференцияларға қатысуға жүйелі түрде ынталандырып, студенттік стартаптарға нақты мүмкіндік беру қажет. Тұрмыстық қысым азайса, оқу не зерттеуге фокус та артады. Қазір елімізде профес­сорлар басқаратын жеке лабо­раториялар аз. Шағын зерт­ханалар мен ғылыми топтарды көбейту жаңа буын маман­дарының қалыптасуына жол ашады. Алдағы 5-10 жылда шығар­машылық, сыни және этикалық ой еңбегінің бәсі биік болатыны анық. Десек те, мамандықтар жойылудан гөрі транформация­дан өтеді дер едім. Осы орайда Қазақстанда Alem AI хабын ашу, жаңа суперкомпьютер кластерін іске қосу қадамдары қуантады. Тек мемлекет инновацияны қаржыландырып қана қоймай, оның нәтижесін қатаң қадаға­лап отырғаны дұрыс. Саладағы жалақы да жаһандық нарықпен бәсекелі болуға тиіс. Алайда елде өндіріс пен өңдеу фабрикалары аз болғаны қынжылтады, – дейді Ж.Нұрен.

Жақсылықтың ендігі арманы – өз стартабын ашу. Ол медицина саласында дәрігерлердің жұмысын бағалайтын және олардың кәсіби біліктілігін арттыратын жасанды интеллект жүйесін құруды көздейді. Бұл тек медицина саласын емес, халықтың өмір сүру сапасын да арттыратын жоба болмақшы.

Ізденген жасқа мүмкіндік көп

в

Аяжан Арап – Оңтүстік Корея­ның Пусан ұлттық уни­вер­си­тетінің түлегі. Экономика және халықара­лық сауда маманы. Оның шетелде қалып, кәсіби мансабын әрі қарай дамытуға толық мүмкіндігі болды. Дегенмен өз таңдауымен туған жерге табан тіреген.

– Білім мен білікті басты құндылық еткен қарапайым отба­сыда дүниеге келдім. Әкем – экономист, анам – ұстаз. Олар мені бала кезден ширақ, еңбекқор болуға, әр іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі. Біраз қатар­ласым секілді мен де шетелде оқуды армандадым. Табан­ды­лығым мақсатыма жеткізді. Өмірлік ұстанымым осы Оңтүстік Кореяда, өзге халық­тың ортасында өмір сүріп, тіршілігімен біте қайнасып, мәдениетін ішінен тани жүріп бекіді. Корейлерде уақытты тиімді пайдалану, еңбек­қорлық пен тәртіпке деген көз­қарас өте берік қалыптасқан. Әрбір адам өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарайды, тапсырманы уақтылы орындауды, ұқыптылық пен тазалықты бас­ты қағида ретінде қабылдайды. Қоғамда патриотизм ерекше сезіледі, азаматтар отанның дамуы­на үлес қосуды жеке парызы деп түсінеді. Содан болар менде «Бұл білім еліме қандай пайда әкеледі?», «Қандай жаңа идеяларды Қазақстанда жүзеге асыра аламын?» деп жиі ойлайтынмын, дейді 24 жастағы кейіпкеріміз.

Елге оралған соң, Аяжан волонтёр ретінде біраз оқушының сабақ үлгеріміне көмектескен. Ағылшын мен математикадан тегін сағаттар өткізіп, бірқатар жасөспірімнің әлеуетін ашуға себеп болған. Сөйтіп, тәжірибе жи­нақтап, Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мекте­біне кәсіби бағдар беруші (профориен­толог) ретінде жұ­мыс­қа орналасқан.

– Мектепте оқып жүрген кез­ден волонтёр болдым. Қазір де уа­қыт пен ресурс болса, ерік­ті­лікпен айналысамын. Ата-анам мені жаңа нәрсені үйренуге ғана емес, сонымен қатар білгенімді өзгелермен бөлісуге бейімдеді. Бұл қағида бүгінде кәсіби қыз­метімнің негізіне айналды. Профориентолог – ең алдымен жасөспірімдердің қабі­леті мен қызығушылығын бай­қай­ды, ұзақмерзімді мақ­сат қоюға үй­ретеді. Одан соң белгілі бір мамандықты таңдауға көмек­те­седі. Осылайша, оқушылармен етене байланыста еңбек етемін. Қазіргі буын өте ізденімпаз, еңбекқор әрі қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне­ді. Оның үстіне, балалар ара­сында жақсы бір үрдіс бар. Олар өздерінің білімін тек жеке мансап құралы ретінде емес, еліміздің дамуына үлес қосатын нақты қажеттілікті шешетін индикатор ретінде қарастырады. Сондықтан көбіне инженерия, компьютерлік ғылымдар, медицина, қаржы және архитектураны таңдайды. Қазір де оқушыларым түрлі саладағы өзекті мәселе­лерге ғылыми шешім іздеп, стартап пен әлеуметтік жобаларға бел­сене қатысып жүр, – дейді А.Арап.

Қазір білім іздеген жанның жолы – ашық. Талабы таудай жастарға мемлекет те, жеке ұйымдар да, тіпті өзге елдердегі оқу орындары грант бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Десек те, профориентолог жас буын арасында мамандықты әлі де тек тестінің нәтижесіне сүйене отырып таңдайтындар бар дейді.

– Кәсіби болашақты тек тест қорытындысына арқа сүйеп шешу дұрыс бағыт емес. Кей оқушылар «қателесуге болмайды» деп ойлап, бір таңдауды өмір бойғы шешім деп те қабылдайды. Қазіргі заманда адам бірнеше рет мамандық ауыстырып, жаңа бағытта өзін сынап көруіне толық мүмкіндік бар. Сондықтан жасөспірімдерге кәсіби бағдарда икемді болуды, тәжірибеден өтіп, өзін әртүрлі ортада сынап көруді, тек тест пен сыртқы пікірге емес, өзінің құндылықтары мен ішкі мотивациясына сүйенуді үйрену қажет. Әрине, мектеп пен университетте кәсіби тағылымдамаларды жүйелі түрде енгізу – оқушы­лар­дың маман­дықты тек қиял не сыртқы пікір арқылы емес, шынайы еңбек тәжіри­бесі ар­қылы бағалауына көмек­теседі. Бұған қоса елдегі оқыты­латын мамандықтарды да қайта қарау кезек күттірмейді. Жасанды интеллект, кибер­қауіп­сіздік, де­рек­­терді талдау, биотехноло­гия, жасыл энергетика, урбанистика және білім саласында жоғары білікті кадрларға сұра­ныс күн санап артып келеді. Осы мамандықтарға мемлекеттік грант көлемін ұлғайту, салада ғылыми зерттеу орталықтарын құру және халықаралық се­рік­тес­тікті күшейту – елдің ұзақ­мерзім­ді дамуының кепілі бола алады, – деп сөзін түйіндеді Аяжан.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кейіпкерлерімізді бірік­тіретін ортақ идея – алған білімін туған елдің дамуына бағыттау ниеті мен жауапкершілік сезімі. Ойлап қарасақ, бұл ұлттық интеллектуалдық қордың нығая түскенін көрсетеді. Өйткені олар жаңа көзқарастан бөлек, тиімді, ашық әрі оңтайлы басқару жүйесін, халықаралық тәжірибе сынды өзгерістерді бірге ала келеді.