Кедергілерді жеңген жан. Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры астаналық көрерменге ерекше қойылым ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Мүгедектігі бар жанның өмірге деген құштарлығын оятқан ұстаз бен шәкірттің табандылығы тұрғындарды тәнті етті.

Ешкімге бағынбай, өз-өзімен аласұрған қаршадай қыздың тағдыры аянышты. Бақуатты ортадан шыққанымен, қоғамға араласа алмай арпалысқан жан. Бәрі оған соқыр-мылқау деп аянышпен қарайды. Бұл қойылым да шынайы оқиғаға негізделген. Жанары семіп, құлағы мүкіс болғанына қарамастан алдынан шыққан кедергілердің бәрін жеңген Хелен Келлердің шынайы өмірін бейнеледі. Қойылымның ерекшелігі сол, мұндағы басты рөлді сомдаған әртіс те сондай жан. Мүмкіндігі шектеулі жанның рөлін «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртісі Гүлнар Есентаева ойнап шықты.

Айболат Жәудір, М. Горкий атындағы орыс драма театрының директоры:

- Бұл спектакльдің елге берері өте көп, қазіргі қазақ қоғамындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды кемсітпей, тең қоғам құру мақсатында жасалып отыр. Біз ойлаған мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Спактакліміз мүмкіндігі шектеулі балаларымызды бағып отырған ата-аналарға, оларға тәлім-тәрбие беретін ұстаздарға арналады.

Музыкалық драманың премьерасына жиылған жұрттың қарасы қалың. Орыс драма театры мен «Қанаттылар» инклюзивті театрының бірлесе ұсынған алғашқы туындысын көрермен де жылы қабылдаған. Тағдыр тезіне сынбайтын төзімділікті, сүйіспеншілік пен сенімді қос театр әртістері ерекше жеткізе білді. Ал ерекше жандарға арнайы сурдоаударма да болды.

Арнұр Ысқақ, «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі:

- Бұл қойылымда біздің Гүлнар деген қызымыз ойнап жатыр. Бұл қызымыз Тараз қаласынан осы «Қанаттылар» театрының алғаш іргетасы қаланып жатқанда шақырылған болатын. Негізінде біздің театрдағы ерекше жандардың барлығында актёрлік дипломы жоқ. Бірақ осы төрт жыл ішінде оларды сахна дайындады.

Ал төзім мен махаббатты бейнелейтін қойылымға қоюшы режиссёр ретінде Ресейден отандасымыз Гүлназ Балпейісова шақыртылған. Режиссёр бұл қойылым арқылы мүмкіндігі шектеулі жанның күресі мен үмітін айырықша жеткізгенін айтады.

Гүлназ Балпейісова, режиссёр:

- Жаңа қойылым мен үшін кәсіби шыңдалуыма сеп болды десем артық емес. Максим Горький атындағы театр мен «Қанаттылар» театының әртістерімен жұмыс істеу мен үшін шығармашылықтың жаңа көкжиегін ашқандай болды. Бұл жай ғана қойылым емес, бұл махаббат пен шыдамдылықтың көпірі іспетті.

Айта кетейік, биыл Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құрылғанына 125 жыл. Ал «бұл қойылым театр мерейтойына ерекше сый болды», – дейді мамандар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев