Ақмола облысының Макинск қаласында заманауи бассейн салынып жатыр.

Құны 200 млн теңгеден асатын жүзу бассейні осы айдың соңында пайдалануға беріледі. Жаңа нысанда су спортының бірнеше түрінен жаттығып, республикалық жарыстар ұйымдастыруға болады.

Жаңа бассейн Бұланды ауданының орталығындағы спорт мектебінің ғимаратында орналасқан. Мұнда бір мезетте 100-ге жуық адам жаттыға алады. Ұзындығы 25, ені 13 метр болатын бассейн түрлі қашықтыққа жүзу, су добы сынды спорт түрлеріне қолайлы етіп жасалған.

Серік Шәйкенов, Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Қазіргі таңда Макинск қаласының тұрғындары жазылып жатыр. 20-ға жуық бала су спортымен жазыламыз деп келіп жатыр. Бізге ең бірінші жақсы маман керек үйретуге балалар мен тұрғындарды.

Ал бұған дейін шағын шаһарда бассейн мүлдем болмаған. Сондықтан тұрғындар жаңа спорт кешенінің ашылуын асыға күтіп жүр. Өйткені мұнда тек кәсіби спортшылар ғана емес, жергілікті халық та спортпен шұғылдана алады.

Сайлаубай Рақымжанов, Макинск қаласының тұрғыны:

- Біз ұзақ уақыттан бері армандағанбыз. Бұрын болған жоқ. Кейбір уақытта Степнякқа, Щучинскқа барып, қиыншылық түсті. Ал қазір рахат қой. Қай уақытта келсеңіз де, осында келіп суға түсіп кетуге болады. Өзімізге де шұғылдануға болады. Балалар келіп, шұғылданып, су спортымен жаттығып, дайындалып, жақсы чемпиондар шығады деп үміттенеміз.

Қазір аталмыш мектепте 7 спорт үйірмесі бар. Онда 800-ге жуық бала жаттығады. Олар түрлі республикалық және облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Былтыр спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарына облыстық қазынадан 196 млн теңге бөлінді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко