Қарашада Шымкентте әлеуметтік, цифрлық және қоғамдық қауіпсіздік бағыттарында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар мен іс-шаралар жүйелі түрде іске асырылып жатыр.

Қалада бүгінгі таңда сұйытылған мұнай газының (СМГ) жеткізілуін қамтамасыз ететін 44 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Шымкент аумағында 4 газ толтыру станциясы және 203 автогаз құю бекеті жұмыс істейді. Энергетика министрлігі қараша айына 8 410 тонна СМГ бөлді, қосымша көлем де қарастырылып отыр. Қалада газбен жүретін 66 мыңнан астам автокөлік бар. Көлік санының өсуіне байланысты болған уақытша тапшылық кезең кезеңімен реттеліп жатыр. Сала мамандары СМГ жеткізілуін тәуліктік режимде бақылауда ұстап отыр.

Айдың басында Шымкентте жылыту маусымы ресми түрде басталды. Ең алдымен мектептер, балабақшалар, ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандар жылуға қосылды. Қазіргі уақытта 476 әлеуметтік нысанның 475-і және 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 2 093-і орталық жылумен қамтылған. Денсаулық сақтау мекемелерінің барлығы жылыту маусымына толық кірді. Жылыту процесі қала әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған.

Шымкентте жерлеу рәсімдері мен зираттарды есепке алуды жүйелеуге бағытталған Jerleu.kz платформасы іске қосылды. Портал арқылы жерлеу орындарын табу, тазалау және көгалдандыру қызметтеріне онлайн тапсырыс беруге болады. 2025 жылдың сәуірінде цифрландыру басқармасы, аудан әкімдіктері және "7 АТА" ЖШС арасында меморандум жасалып, нәтижесінде 655 жерлеу орны цифрландырылды: Тұран ауданында – 482, Еңбекші ауданында – 173. Жоба қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды.

Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 179 қылмыстық іс болды. Оның ішінде 63 – алаяқтық, 44 – ұрлық, 11 – есірткі айналымына қатысты, 9 – жол-көлік оқиғалары. Интернет-алаяқтық деректері жиілеп отыр. Мәселен, қала тұрғыны өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адамға 600 мың теңге аударып, алданған. Тұрғындарға күмәнді хабарламаларға сенбеу және төлемдерді тек ресми арналар арқылы жүргізу ұсынылады.

Сондай-ақ интернет арқылы есірткі саудасына тарту жағдайлары анықталып жатыр. Азаматтарға банк карталарын бөгде тұлғаларға бермеу ескертіледі.

Қалада жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты профилактикалық шаралар күшейтілді. Жүргізушілердің жылдамдықты асыруы мен ұялы телефонға алаңдауы салдарынан бірнеше апат тіркелді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты жол ережесін бұзып басқаруының салдарынан да жарақаттану жағдайлары орын алған. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға жол қозғалысы ережелерін үйретіп, жоғары жылдамдықтағы көліктерді басқаруға жол бермеу қажеттігі ескертілді.

Қоғамдық орындардағы ұрлық фактілері де назарда. Көпқабатты үйлер мен ойын-сауық орталықтарында велосипед пен ұялы телефон ұрлығы жиілеп отыр. Азаматтардан жеке мүліктеріне мұқият болу, балаларға қымбат телефондарды сеніп бермеу сұралады.

Қала прокуратурасының бастамасымен "СТОП-ВЕЙП!" профилактикалық акциясы өтті. Онда азаматтарға электронды темекінің зияны түсіндірілді және вейптерді ерікті түрде тапсырғандар болды.

Жалпы, қарашада Шымкент қаласында халықтың өмір сапасын арттыру, қауіпсіздік пен цифрлық сервистерді дамыту бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілді. Қала әкімдігі бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Шымкент ІСБ ұсынған матераил

Logotype Massaget