Елімізде қыз алып қашу фактілері қатаң бақыланады, деп хабарлайды 24KZ. Бұндай әрекетке барған ер адамдарға айыппұл салынып, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған қыздарға қатысты жасалса, топпен күш қолданылса, жаза мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұзарады. Ал ауыр зардапқа әкелсе, күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бүгін Мәжіліс осы және өзге түзетулерді көздейтін Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдады. Құжатта арнайы бап көрініс тапқан. Енді адам ұрлаған тұлға жәбірленушіні өз еркімен босатса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.