Аутодеструктивті мінез-құлық – адамның өзіне зиянын тигізетін, денсаулығына немесе өміріне зиян келтіруге бағытталып жасалатын мінез-құлық түрі.
Бұл қазіргі жасөспірімдер арасында ерекше орын алып отырғаны әркімді де алаңдатары сөзсіз. Соған орай, қазіргі кездегі ең маңызды әлеуметтік-психологиялық мәселелердің бірегейі – жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың санының күрт өсуі болып тұр. Бұл жағдай тек жеке бір адамның трагедиясы ғана емес, отбасының да, қоғамның да, сонымен қатар мемлекеттің де үлкен қасіреті деуге болады. Қазіргі таңдағы статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті өлім өлім себептерінің алғашқы үштігінің қатарында тұр екен. Өкініштісі, біздің еліміз де, бұл жағдай бойынша жоғары орындардың бірінде тұрғаны. Сол себепті аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мәселесі – мемлекеттік деңгейде жан-жақты қарастырылуы тиіс маңызды мәселе деп ойлаймын.
Аутодеструктивті мінез-құлықтың себептеріне тоқталатын болсақ, жасөспірімдік кезең – жеткіншектің психикалық, эмоционалдық және әлеуметтік жетілуінің ерекше кезеңі. Бұл кезеңде жасөспірім өзіндік «Менін» іздейді, қоғамда өз орнын табуға тырысады, сезімдері тұрақсыз болуы, өзіне деген сенімсіздік болуы мүмкін. Тура осы өтпелі уақытта өмірінде кездескен қиындықтарға төтеп бере алмай, аутодеструктивті ойлар туындауы мүмкін.
Аутодеструктивті мінез-құлықтың негізгі себептерін бірнеше топтарға бөлетін болсақ:
1. Психологиялық себептер – психологиялық жарақат, эмоционалдық тұрақсыздық, махаббатта жолы болмау, жалғыздық сезімі, өз-өзіне сенімсіздік, депрессия, өмірдің мәнін жоғалту.
2. Әлеуметтік себептер – отбасындағы реніштер, ата-анасының мейірімінің жетіспеуі, сыныптастарымен немесе достарымен түсініспеушілік, буллинг (қорлау, мазақтау)
3. Экономикалық және тұрмыстық факторлар – материалдық жетіспеушілік, әлеуметтік теңсіздік, болашаққа деген сенімсіздік.
4. Ақпараттық факторлар – әлеуметтік желілердегі теріс контенттер, аутодеструктивтікті насихаттайтын топтар мен видеолардың ықпалы.
Жасөспірімдердің психикасы сыртқы әсерлерге өте бейім болатындықтан, бір ауыз сөз немесе бір ғана іс-әрекет оны өмірмен қоштасуға итермелеуі әбден мүмкін.
Аутодеструктивті әрекеттердің алдын алу шараларына келетін болсақ, ол тек психологтың немесе мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ең бірінші, бұл әрекет немесе алдын алу жұмыстары ерте диагностика және психологиялық көмек бағытында жүргізілуі қажет.
Бұл жағдайда ең бірінші, отбасылық қолдаудың орны ерекше. Отбасы – баланың ең қауіпсіз ортасы болуы керек. Әр ата-ана баласының ішкі дүниесін түсінуге тырысып, оның пікірін мұқият тыңдауы, қолдау көрсетуі керек. Ашық әңгіме, сенімді қарым-қатынас, оның әр пікірімен санасу, керек жерінде қолдау көрсету – аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алудың ең тиімді жолы.
Келесі кезекте мектептегі психологиялық қызметтің де орны ерекше. Мектеп психологтары оқушылардың психологиялық жағдайын үнемі бақылауда ұстап, тәуекел топтарын анықтауы қажет. Арнайы тренингтер өткізіп, жекелеген оқушылармен әңгімелер жүргізіп отырса, топтық әңгімелер жүргізсе балалардың эмоционалдық тұрақтылығын арттырады. Сөзімнің басында бұл мәселе мемлекеттік деңгейде жан-жақты қарастырылуы тиіс деп ойлайтынымды айтқанмын, соған байланысты, мемлекет тарапынан жастарға арналған психологиялық орталықтар мен «сенім телефондарының» қолжетімділігі арттырылуы керек деп ойлаймын. Әлеуметтік желілердегі зиянды контентке бақылау күшейтіліп, позитивті өмірлік ұстанымдарды насихаттау қажет.
Мұндай жағдайда құрдастар арасындағы қолдаудың да орны ерекше. Жасөспірімдер көбіне өз достарына сенеді. Сондықтан сыныптастар арасында өзара қолдау мен түсіністік мәдениетін қалыптастыру – маңызды фактор. Буллингке қарсы бағдарламалар, толеранттылық пен эмпатияны дамыту бағытындағы іс-шаралар тиімді нәтиже береді.
Аутодеструктивті ойы бар жасөспірімге ең бірінші жылы сөз, жағдайын тыңдай білетін сенімді адам және сенім қажет. Психологтың міндеті – баланың өмірлік қиындықтарына немқұрайлы қарамай, оны жаңа мақсаттарға, жаңа жетістіктерге жетелейтін күшті табуға көмектесу. Жасөспірімнің өзін-өзі бағалауы мен өмірге деген көзқарасын түзетуге ерекше көңіл бөлінуі керек.
Сөз соңында, жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтілік мәселесі – қоғамның рухани денсаулығын көрсететін маңызды көрсеткіш. Әрбір ата-ана, мұғалім және кез келген адам бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Алдын алу жұмыстары үздіксіз, жүйелі және адамгершілік қағидаттарына сай болуы қажет. Баланы тыңдау, түсіну, қолдау – аутодеструктивті мінез-құлықтың ең тиімді емі. Тек осылай ғана біз жас ұрпақтың өмірге құштарлығын арттырып, олардың болашағына сенім ұялата аламыз. Жастардың психологиялық денсаулығын қорғап, оларды дұрыс бағытқа тәрбиелеу — баршамыздың міндетіміз. Сондықтан әрбір ұстаз осы мәселеге өз дәрежесінде үлесін қосуға міндетті дер едім.
Шолпан Тасбекқызы Алтыбаева,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №137 ЖББ мектептің мұғалімі