Қостанайда бүгін Киа Казахстан автомобиль зауыты ашылды.
Бұл Оңтүстік Кореядан тыс жерде салынған толық циклдегі тұңғыш Кіа зауыты. Тікелей шетелдік инвестицияның арқасында жүзеге асқан жобаның құны — 310 миллион доллар. Телекөпір арқылы Мемлекет басшысы тұсауын кескен өнеркәсіп орыны жылына 70 мың автокөлік шығарады.
KIA Qazaqstan зауыты бас аяғы екі жылдың ішінде салынды. Мұнда мың жарым адам жұмыс істейді. Әлемдік деңгейдегі алып кәсіпорынды кадрмен қамтамасыз ету үшін мамандарды дайындау ісі ерте бастан қолға алынды. Колледж, одан кейін университетте техника тілін терең меңгеріп келген жас мамандардың бірі Әмір Қараев.
Әмір Қараев, KIA Qazaqstan зауытының инженері:
- Өз мамандығымды таңдаған сәттен осындай заманауи, үлкен өнеркәсіпте жұмыс істеуді армандадым. Озат оқуымның жемісі жұмысшы мамандықтар жылында ашылып келе жатқан Қазақстан зауытында инженер болып, жұміс істеймін. Бұл жерде әлемдік тәжірибені үйреніп, жаңа технологияларды меңгеріп жатырмын.
Автозауыттың негізгі желісінің 96 процентті автоматтандырылған. Дәнекерлеу цехында жұмыс ауқымының жартысынан астамын роботтар атқарады. Әр сағат сайын көліктің 16 шанағы құрастырылып шығарылады. Қостанайдағы Киа зауыты Корея компаниясының Орталық Азия аумағында салған тұңғыш машина жасау кәсіпорыны. Өндіріс тек жергілікті нарыққа қана емес, алыс, жақын шет елдерді де қамтуға бағытталған.
Ким Де Ки, KIA Qazaqstan бас директоры:
- Киа корпорациясы осында өндіріс орындарын ашуға кореялық кәсіпкерлерді шақырды. Олар зауытты қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеді. Біз барлық автоөндірушілермен бірлесіп, өндірісті жергіліктендіру мақсатында жұмыс істейміз.
Зауытта алғашқы кезеңде Кианың Соренто (Sorento) моделі жиналады. Алдағы қаңтар айынан оған Киа Спортэдж моделі қосылады. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде мұнда жылына 70 мың машина шығарылады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг