Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Әйке және Тереңсай ауылдарына газ құбыры тартылып, екі мыңға жуық тұрғын пеш жағу бейнетінен құтылды. Жоба шалғай елдімекендерді газдандыру жобасы аясында іске асырылды. Ұзындығы 30 шақырымнан асатын құбыр құрылысын «Ерзат» ЖШС-і жүргізді. Енді жыл соңына дейін көршілес Қияқты және Ұлғайсын ауылдарына да көгілдір отын жетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Үстіміздегі жылы Әйтеке би ауданының Әйке, Тереңсай, Қияқты және Ұлғайсын ауылдарына газ тарту жоспары қойылған болатын. Қазір екі жоба орындалды. Енді қыс түскенше Қияқты мен Ұлғайсын ауылдары да көгілдір отынға қосылады. Қазіргі уақытта екі елдімекенде құбырды көшелерге тарту жұмысы жүріп жатыр. Жер қатып, күн суытқанша мердігер жұмыстарын аяқтайды деп күтіп отырмыз. Төрт ауылды қосқанда, ауданымыздағы көгілдір отынға қосылған елдімекендер саны 18-ге жететін болады. Бұл аудан тұрғындарының 87,5 % -ы», деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев Әйке мен Тереңсайдағы газ құбырын тарту рәсімінде.

Ақтөбе облысының тұрғындар саны 500-ден асатын елдімекендерінде инфрақұрылымдық жобалар салу жұмысы келесі жылы да жалғаса береді.

Ақтөбе облысы