Атырау облысында алты «Келешек мектебінің» құрылысы салынып жатыр. Бұл үш ауысымда оқытуды жою мен білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, мұнайлы шаһарда былтыр аталған санаттағы мектептің үшеуі, биыл біреуі іске қосылды. Енді Ақсай-2, Жұлдыз-3 шағын аудандарында осындай екі білім ордасының құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ Құлсары қаласында 1200 орындық, Құрманға­зы ауданындағы Ақкөл ауылында 600 орынға есептелген мектептің қабырғасы қаланып жатыр.

Ел назарын аударған ұлттық жоба аясындағы «Келешек мектептерінің» бірі Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағын ауданында орналасқан. Жаңа білім ордасы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдай бастады. Мектеп директоры Орынгүл Қуандықованың айтуынша, 900 орындық білім ордасында 1800 оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

«Заманауи үлгіде салынған ерекше мектептің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталды. Медициналық кабинет ашылды. Нысан бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесімен қамтама­сыз етілді. Ендігі мақсатымыз – әр оқушының сапалы білім алуына барын­ша жайлы әрі қауіпсіз жағдай қалып­тастыру», дейді О.Қуандықова.

Өткен жұмада шаһар іргесіндегі шағын ауданда ашылған мектепте ашық есік күні өтті. Ата-аналар мек­тептің материалдық-техникалық базасымен танысуға келді. Олар көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

«Бұл мектепке келетін үш балам бар. Олар бұрын Жұлдыз-1 шағын ауданындағы №39 мектепке қатына­ған еді. Оқушының көптігінен үшінші ауы­сымда оқыған кезі болды. Енді үйдің жанынан жайлы мектеп ашылғанына балаларымызбен бірге қуандық. Іші кең, жарық, барлық жағдай жасалған екен», дейді ата-ананың бірі Айнұр Оразова.

Тағы бір ата-ана Зарина Шағыраева­ның да екі баласы осы кезге дейін көр­шілес шағын аудандағы білім ордасында оқып келген. Бұл олардың алаңсыз білім алуына кедергі болған.

«Мектептің тым алыс болмағаны жөн. Өйткені әр ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін мектептен үйіне келгенге дейін алаңдап отырады. Екі балам үйге оралғанша көңілім байыз таппайтын еді. Енді үй жанындағы жайлы мектепте білім алатын болды», дейді З.Шағыраева.

Оқушылардың ғана емес, ата-ана­лардың да көңіліне қуаныш ұялатқан мектептің қандай кереметі бар? Дирек­тор­дың дерегіне қарағанда, білім ордасы төрт гектар жер телімінде ор­наласқан. Нысанның аумағы – 10 860 шаршы метр.

Екіншіден, мектептегі түрлі каби­нет­тің саны 40-қа жуықтайды. Өзге білім ордаларынан өзгешелігі – инклюзивті білімге арналған кабинеттің жабдық­талуы. Мұнда білім алуға келетін мүм­кіндігі шектеулі оқушылар жоғар­ғы қабатқа арнайы лифтімен көтері­леді. Бұған қоса осы заманғы зертханалар, шығармашылық шеберханалар мен

3 спорт залы бар. Оқушылардың ой-өрісін дамы­та­тын роботтехникаға арнайы кабинет бөлініпті.

Үшіншіден, оқушылар 206 орындық асханада алаңсыз тамақтанады. Асхана­дағы тамақ мәзірі қатаң бақылауға алынып отыр. Мұнда газдалған сусындар мен тәттілер сатылмайды. Оның орнына оқушыларға жас ерекшеліктеріне сай құнарлы тағамдар ұсынылады.

Төртіншіден, мектеп ауласында балалар үшін ойын алаңы ашылыпты. Ал футбол ойнайтын алаңда жасанды көгал, волейбол, баскетбол мен теннис алаңдарына тартан жабыны төселіпті. Бұл оқушылардың жарақат алмауына септігін тигізеді.

Атырау облысы