Активтерді қайтару жөніндегі комитет енді инвестор құқығын қорғау комитеті деп аталады.

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді. Оның айтуынша, басты мақсат – ел экономикасына инвестиция тарту үшін қолайлы жүйе құру. Оның ішінде шетелге заңсыз шығарылған қаражатты да елге қайтарып, халық игілігіне жарату көзделген. Қазірдің өзінде олигополия өкілдерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаржы өндірілген. Соның 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті. Осы қаражат есебінен еліміздің түкпір-түкпірінде құны 375 млрд теңге болатын 207 су құбыры нысаны, 177 медициналық мекеме және 14 білім беру мен спорт ғимараты салынып жатыр.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Біздің мақсатымыз – әр инвестор үшін түсінікті әрі болжамды инвестициялық климат құру. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмысты жаңа деңгейге шығарады деп сенемін. Ол экономиканы нақты ақшалай қаржымен, оның ішінде инвестициялармен толтыруға бағытталған барлық процестерді жеделдетуге және бизнеске сенімді қолдау көрсетуге көмектеседі.