"Павлодар аруы — 2025" байқауының жеңімпазы анықталды. Жеңімпаз болған ару мен вице-мисс қаланы республикалық байқауда таныстырады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның жазуынша, сұлулық байқауының мерейтойлық маусымының финалы Естай атындағы мәдениет сарайында өткен. Ширек ғасыр ішінде жоба тек жарқын шоу ғана емес, көптеген қатысушыға табысқа жол ашқан нағыз мектепке айналған. Биыл кастингке 60 үміткер қатысып, 11 ару финалға жолдама алған.
Аймақтық жобаның жетекшісі Айзат Қожабаеваның айтуынша, қатысушылар бірнеше ай дайындалған.

"Қыздар тілдік және экологиялық курстарға қатысты, сахнада дефиле жасауды үйренді, спортпен айналысты, тіпті "Ертіс" футболшыларын қолдады. Бұл жарты жылдық өте жарқын, әрі мазмұнды дайындық болды", — деді Айзат Қожабаева.
Ол бүгінде байқауда тек сұлулық емес, қатысушының қанша тіл білетіні, қай салада жұмыс істейтіні, қайырымдылықпен айналысатыны, ақылы мен харизмасы да бағаланатынын атап өтті.

"Қазақстан аруы" ұлттық байқауының өкілі Әсел Ақасова биылғы ұран – Freedom of choice — "Таңдау еркіндігі" деп аталғанын айтты. Оның пікірінше, әр қатысушы өз бейнесін өзі таңдап, ешқандай шектеуге бағынбауы тиіс.

"Павлодар аруы — 2025" байқауы бірнеше кезеңнен тұрған. Барлық шығармашылық нөмір Абайдың 180 жылдығына арналған: арулардың бірі оның шығармаларын музыкалық аспаптарда орындаса, енді бірі ән шырқап, тағы басқалары ұлттық билерді көрсеткен. Ал кешкі көйлекпен дефилеге шыққан арулар кештің көркін келтірген.

Байқау қорытындыcы бойынша Мадина Жұмыртова жеңімпаз атанса, Жасмин Сағатова вице-мисс атағын иеленген. Енді олар республикалық байқауға дайындықты бастайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз